Қазақстанда онлайн-стрим сатушыларына бақылау күшейтіледі

1 504

Фото:© Opennews.kz/ЖИӘлеуметтік желілерде тікелей эфир, яғни стрим арқылы тауар сататын немесе онлайн-саудамен айналысатын азаматтар да салық органдарының мониторингіне ілінеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.

Тікелей эфирде сатудан табыс тапқан сатушыларға 3 ай бойы 100 түрлі адамнан мобильді аударым түскен жағдайда арнайы хабарлама жіберілген. Өндірістік емес төлемдерді және жеке толықтыруларды әкімшілендіру департаментінің директоры Шындали Заңғар қазір әлеуметтік желілер арқылы тауар ұсынып, ақшаны жеке мобильді аударыммен қабылдау кең тарағанын айтқан. Салық заңнамасына сәйкес, бұл әрекет кәсіпкерлік қызмет болып саналады және арнайы тіркеуді талап етеді.

“Стрим арқылы сату кезінде табыс тапса, міндетті түрде тіркелу керек және салық төлеу қажет. Бұл жерде де бекітілген өлшемшарттар жұмыс істейді. Егер онлайн-сатушыларға 3 ай бойы 100 түрлі адамнан аударым түссе, оларға да хабарлама келеді. Бұл салық түсімін көбейту үшін ғана емес, бизнестің адал әрі әділ ортада жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жасалып жатыр”,-  деді Заңғар Шындали.

Оның сөзінше, заңсыз жұмыс істейтін сатушылар мен адал кәсіпкерлер арасында бәсекелестік теңсіздігі туындайды. Салықтан жалтарып жүргендерде арнайы шығындар болмағандықтан, бұл адал бизнеске кедергі келтіреді. 

“Қолма-қол ақшаның уақытша өсуі қысқа мерзімді сипатқа ие. Салықтық хабарламалар жіберілген кезде қолма-қол ақша сұрау жағдайлары көбейіп, кейін қайта түсіп жатады. Ұзақ мерзімді перспективада қолма-қол ақша көлемі бәрібір төмендейді. Сатып алушылар өздеріне ыңғайлы төлем түрін - мобильді аударымды, QR-кодты немесе онлайн төлемді талап етеді.Қолма-қол ақшамен есептесу сатушының өзіне де ыңғайсыз”,- деп атап өтті Заңғар Шындали.