Министр еліміздегі көмір тапшылығы туралы: Қолдан жасалып отыр

376
Елімізде көмір жетіспеушілігі жоқ, тапшылық қолдан жасалып отыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Бізде барлығы 27 пайыз экспорт бар және біз көмірдің екі түрін экспорттаймыз - бұл металлургиялық өңдеуге арналған жоғары агломерациялық көмір және 38 пайыздан жоғары күлге ие энергетикалық кәсіпорындар үшін. Ал халыққа қолдануға күл мөлшері төмен көмір түрін ұсынамыз. Бұл Қаражыра, Шұбаркөл, Богатырь және тағы басқа. Құрамында күл мөлшері жоғары және орташа көмірді экспорттаймыз.

Біз қазірдің өзінде облыстардың өтінімдері бойынша халыққа қажет көмірдің 94 пайызын жөнелттік. Жалпы биыл өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда жоспарды асыра орындап отырмыз. Тапшылық қолдан жасалып отыр», - деді Бейбіт Атамқұлов Үкімет үйінде тілшілердің сұрағына жауап бере отыра.

Министрдің айтуынша, елімізде көмірмен қамту жағдайы тұрақты және оны тасуда ірі жеткізуші ұйымдармен меморандум жасалған.