Қызылордалық жастарға кәсіпкерлікті дамыту үшін 70 млн теңге берілмек
Елімізде шағын және орта бизнесті нығайту мақсатында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба іске асуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қайтарымсыз гранттың жай-жапсарын Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Каюпов айтты.
«Ұлттық жоба аясында шағын кәсіпкерлікті қолдау, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында жыл сайын 5 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру конкурсы ұйымдастырылады. Биыл мемлекеттік гранттар беруге 115 миллион 518 мың теңге бөлінген. Оның ішінде, 70 миллион теңге қаржы тек 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлердің жобаларына арналып отыр. Бұл қаржы аясында кезекті конкурстық іріктеу осы жылдың қыркүйек айында өткізілетін болады», - деді Азамат Биғалиұлы.
Мемлекеттік грант конкурсын өткізу үшін Үкіметпен арнайы қағида белгіленген. Жыл басында қағидаға өзгерістер енгізілді. Онда әлеуметтік осал топтағы азаматтарға бұрын-соңды қарастырылған жеңілдіктер алынып тасталды. Яғни, бұрын бұл санаттағы кәсіпкерлерден жаңашыл бизнес-идеямен қатысу, грант сомасын бірлесіп қаржыландыру талап етілмейтін. Биылдан бастап конкурсқа қатысушы барлық кәсіпкерлерге қойылатын міндетті шарт – грант сомасының 20% көлемінде бірлесіп қаржыландыруы, жұмыс орындарын құруы қажет, - деді А.Қаюпов.
«Берілетін гранттың максималды сомасы – 5 миллион теңгені құрайды. Мемлекеттік гранттар – кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу бойынша өткізілетін конкурстардың қорытындылары негізінде кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен беріледі. Конкурстық іріктеуге – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, акцизделетін өніммен байланысты қызметті жүзеге асыратын «бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының қатысушылары және экономиканың басым секторларындағы ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер мен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер қатыса алады», - деді басқарманың кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Мәуе Сейдалиева.
Конкурсқа өтінім платформа арқылы қабылданады. «KEZEKTE.KZ» сайтына кіріп, өтінім беру үшін кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелуі, ЭЦҚ және ЖК, ЖШС атынан банктен ашылған ағымдағы шоты болуы міндетті. Айта кету керек, кәсіпкер бір ғана өтінім беруге құқылы. Мемлекеттік грантты тағайындауды комиссия құрамы шешеді. Биыл комиссия құрамына қоғамдық бірлестіктер, ғылым, білім беру мекемелері, салалық сарапшылар, БАҚ, жергілікті атқарушы орган өкілдері кірді. Сондай-ақ, облыстық маслихат депутаттары, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар және саяси партиялардың өкілдерінен байқаушылар қатысады. Конкурс ашық түрде өткізіліп, аудио-бейне жазба да жүргізіледі.
Бүгінде 3 жылда 171 жобаға 521 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Соның 32-і сотқа беріліп, 101 миллион теңге қаржыны бюджетке қайтару жұмыстары атқарылуда. Себебі грант иегерлері қаржыны мақсатсыз жұмсаса, грант қаражатын ережеде көрсетілмеген орынға пайдаланса немесе кәсібін жүзеге асырмаса алған қаражатты қайтаруы керек. Қазіргі таңда, 2021 жылдары берілген гранттарға қосымша мониторинг жұмыстары жүргізілуде.