Индонезия елі Қазақстанда автошиналар өндірісін ашпақ

1 366

Индонезия мемлекеті Қазақстанда автошиналар өндірісін бастамақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Бұл туралы Индонезия Экономикалық мәселелер жөніндегі министрінің арнайы кеңесшісі Ризал Аффанди II Еуразиялық экономикалық форумында айтты.


«Бізде екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін зор мүмкіндік бар. Екі жыл бұрын біздің министрлік делегациясы Қазақстанда болды, содан кейін біз осы кооперацияны жалғастыруға және күшейтуге уағдаластық. Менің ойымша, оны дамытудың әлеуеті мол. Қазір де Еуразиялық экономикалық форум алаңдарында келіссөздер жүргізіп, айтылған уағдаластықтарды іске асыру екі ел арасындағы өзара іс-қимылды күшейту үшін жағдай жасайтынын түсінеміз», - деді арнайы кеңесші Ризал Аффанди.


Ол Қазақстанның Индонезияға көптеген тауар жеткізетінін, жалпы импортта елеулі үлесті иеленетінін атап өтті. Өз кезегінде Индонезия оларды ішкі нарық үшін де, Африка мен Таяу Шығыс елдеріне тауарларды экспорттау үшін де пайдаланады.


Сонымен қатар, бірлескен жұмыс үшін зор әлеует бірлескен өнеркәсіптік өндіріс саласындағы кооперация перспективаларымен де байланысты.


«Қазір біз Қазақстан аумағында автомобиль шиналарын өндіру жобасын іске асыру мүмкіндігін зерттеп жатырмыз. Бұл идеяны жүзеге асыру біздің сауда-экономикалық ынтымақтастығымызға жаңа серпін береді деп санаймын», - деп атап өтті Р. Аффанди.


Индонезия өкілі Астана мен Джакартаның халықаралық қатынастардың көптеген мәселелері бойынша ұқсас саяси көзқарастары бар екенін айтты.


«Бізде қандай да бір саяси қайшылықтар жоқ, Индонезия әлемнің көптеген елдерімен достық қарым-қатынаста, біздің жауымыз жоқ. Бұл ретте біздің елдерде сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда зор мүмкіндік бар, ең бастысы – ынтымақтастығымызды нығайту. Елдер арасындағы тілдік кедергіні еңсеріп, Индонезия мен Қазақстан арасындағы ақпараттық кеңістікте жаңа көпірлер қалыптастыру қажет», - деп түйіндеді арнайы кеңесші.