Ресейдегі жағдайға байланысты Қазақстанда Toyota Camry сатылмайтын болды
314
Елімізде Toyota Camry және Toyota RAV 4 маркалы көліктер енді сатылмайды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы "Тойота Мотор Қазақстан" компаниясының баспасөз қызметі мәлім етті.Бұл модельдердің cатылымнан алынуына Санкт-Петербургтегі Toyota зауыты жұмысының тоқтатылуы себеп. Бұған дейін көліктер сол жерден өндіріліп, Қазақстанға жөнелтілетін. Автомобиль компоненттерін жеткізудің кешіктірілуіне байланысты өндіріс тоқтатылды,— делінген хабарламада.
"Тойота Мотор Қазақстан" автокөлік тапшылығына байланысты жағдай уақытша деп отыр. Компания баламалы шешімдерді іздеумен айналысады. Бұл Toyota RAV 4 және Toyota Camry модельдерінің жоғары сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді дейді.
Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметі бойынша, Toyota автокөліктері 2021 жылы ең көп сатылатын үштіктер қатарына енді. Жапон маркасының дилерлері 13,8 мыңнан астам автомобиль сатқан. Оның ішінде Camry моделі 5599 рет саудаға түскен.