«Үздік педагог-2022» конкурсының финалына 123 мұғалім өтті

554

«Үздік педагог-2022» конкурсының финалына 123 мұғалім өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


2022 жылғы «Үздік педагог» атағына 123 мұғалім үміткер. Олар байқауға қатысушы 5,5 мың педагогтің арасынан іріктеліп алынды. Конкурс қорытындысы бойынша 64 жеңімпаз анықталып, оларға 3 млн теңгеден (1 000 АЕК) сыйақы беріледі.
Байқаудың ақтық сынына балабақшалар мен мектептердің – 103, колледждердің 20 ұстазы қатысып жатыр. Олар аудандық, қалалық және облыстық турлардың қорытындысы бойынша ұсынылған.

«Биыл алғаш рет өтінімдерді қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау және апелляция беру teachercontest.iac.kz порталында жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ өтінім берілген сәттен бастап барша үміткер онлайн режимде байқаудың барлық динамикасын бақылау мүмкіндігіне ие болды. Яғни қатысушылар қай кезеңде, оларға сарапшылар қандай ұпай берді және тағы басқасын бақылай алды. Биылдың тағы бір жаңалығы – әріптестеріміз конкурс комиссиясы бағалайтын ашық сабақтар өткізеді. Жүлде қорын да көбейттік. Осындай шаралардың арқасында қатысушылар саны ғана емес, олардың сапалық құрамы да артып келеді», - дейді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Республикалық конкурс комиссиясының құрамында қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналар қауымының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, білім және ғылым қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіподақ ұйымының өкілдері және тағы басқалары бар.

«Үздік педагог» республикалық конкурсы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт аралығында 600-ге жуық ұстаз үздік атанды.