Белгілі депутат "Әліппе" мен "Ана тілі" оқулығына қатысты ұсыныстар айтты
Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жанарбек Әшімжанов білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына "Әліппе" және "Ана тілі" оқулығына қатысты депутаттық сауал жолдады.
Халық қалаулысы бастауышта сауат ашудың "Әліппе" кезеңін дұрыс қалыптастырып, ғылыми негізде жетілдіру аса маңызды екенін жеткізді.
"Біз білімнің іргетасы саналатын "Әліппеден" еш негізсіз бас тарттық. Арадағы "Әліппесіз" өткен жылдар сол қадамның үлкен қателік болғанын анық көрсетті. Оқу саласы онсыз да оңбай тұрған еді, 2019 жылдың соңында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен Білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық қауымдастық (EA) білім беру саласындағы үш халықаралық салыстырмалы зерттеудің нәтижелерін жариялады. Қазақстан бұл ұйымдардың зерттеуі бойынша үшеуінде де аутсайдер болды.
Осы орайда, ұлттық тәрбиеге баса назар аударуды міндеттеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы және кәсіби оқулық әзірлеуді қатаң тапсырған.
Білім және ғылым министрі жаңа әліппе Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалатынына бүкіл халықты сендірді. Және бүкіл қоғам күтіп отырған жаңа "Әліппе" білім беру жүйесіне Байтұрсынұлының салған ізімен қайта оралады деген сенімде", - деді Жанарбек Әшімжанов.
Депутат биыл 400 мыңға жуық алты жасар бала мектеп табалдырығын аттайтынын еске салды.
"Бүгінде сол қоғам бақылауындағы оқулықтардың жай-күйі қалай? "Әліппе" әзірлеу жобасына қанша еңбек түсті? "Әліппе" мен "Ана тілін" кімдер және қалай жазып жатыр? Ашықтық пен бәсеке қай деңгейде? Қандай критерийлермен бағаланды? Оқулыққа тапсырыс беруші кім? Озық оқулықты анықтайтын министрлік жанынан құрылған арнайы сараптамалық комиссия қалай жасақталады? Қандай мамандардан құрылған? Бұл комиссияға баспалардың «бармақ басты, көз қысты» ықпалы жоқ па? Оқулық пен оқу-әдістемелік кешенінің жобасын әзірлеп, баспаға тапсыру жауапкершілігі неге тікелей министрліктің құзырында емес? Бұл сауалдар басынан небір сынақты өткізген білім саласында әлі күнге ашық тұр. Жалпы, "Әліппемен" қатар енгізілетін басқа да жаңа оқулықтардың дайындығы мен сапасының жай-күйі туралы ата-аналар тарапынан сұрақ көп", - деді халық қалаулысы.
Оның сөзінше, "Әліппе" мен "Ана тілі" оқулықтарының тағдыры әлеуметтік желідегі қолдан ұйымдастырылған дауыстар мен бес-алты жүз адамның басқан "лайк" арқылы лайық деп танылмау керек.
Жас ұрпақтың санасына сәуле құятын оқулық сапасы – бірінші кезектегі ұлттық жауапкершілік, дейді Жанбек Әшімжанов.
Халық қалаулысының ұсыныстары:
біріншіден, озық деп танылған оқулықты арнайы Қазақстан Республикасы Үкіметінің деңгейінде кеңейтілген алқаның (кәсіби мамандар, депутаттар, қоғам қайраткерлері, ақпарат құралдарының өкілдерінен құралған) ашық талқысынан өткізу керек.
Екіншіден, 1-сыныпты оқытатын мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында арнайы іс-шараларды қолға алу керек.
Үшіншіден, "Әліппеден" "Ана тіліне" өтетін кезеңдегі бірізділік сабақтастығын терең игеру үшін мұғалімдерге жүйелі түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет.
Төртіншіден, базалық оқулықтарды әзірлеу, сараптамадан өткізу, басып шығару ісі, ұйымдастыру шараларын ашық өткізу құзіретінің барлығы Үкіметте немесе Білім және ғылым министрлігінде болуы керек.