Қазақстанда үш ауысымды мектептер саны артты

407
Үш ауысымды мектептер саны үш жылда 32 пайызға артқан, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Ranking.kz порталының дерегінше, 2021-2022 оқу жылының басында елімізде 7,6 мың мектеп болды.

Оның 2,3 мыңы қалада, 5,3 мыңы ауылдық жерлерде орналасқан.

Оларда 3,6 млн оқушы бар, бұл бір жыл бұрынғыдан 3,3 пайызға көп. Қалаларда 2,1 млн, ауылдарда 1,5 млн оқушы мектепке барады.

Еліміздің білім беру саласында бірқатар шешімін таппаған мәселе бар. Оның ішінде оқушы орнының тапшылығы ең өткір болып тұр.

Қазір мектептердің көпшілігі оқушыларды екі ауысымда оқытады. Мұндай мектептердің саны жылдан жылға артып келеді.

Мәселен, 2021-2022 оқу жылында елімізде 5,2 мың осындай мектеп жұмыс істесе, 2020-2021 оқу жылында — 5,1 мың, одан бес жыл бұрын, 2017-2018 оқу жылында 4,9 мың екі ауысымды мектеп болған.

Сонымен қатар, елімізде үш ауысымда оқытатын мектептер саны да артып келеді. Бұл онсыз да дағдарысты жағдайдың нашарлағанын көрсетеді.

Мәселен, 2021-2022 оқу жылында Қазақстанда 169 үш ауысымды мектеп жұмыс істеді.

Бұл бір жыл бұрынғыдан 5,6 пайызға (160 мектеп) артық, ал үш жыл ішінде мұндай мектептердің саны бірден 32 пайызға өсті.

Егер оқушы санына қатысты жағдайды қарастыратын болсақ, онда мәселенің ауқымы айқынырақ көрінеді.

Мәселен, соңғы мәліметтер бойынша үш ауысымдағы мектептерде 291,1 мың оқушы білім алып жүр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,9 пайызға көп.

Өңірлер бойынша үш ауысымды мектептердің ең көбі Алматыда (59 мектеп), сондай-ақ Маңғыстау (18 мектеп), Атырау (17 мектеп), Түркістан (15 мектеп) және Павлодар (10 мектеп) облыстарында байқалады.

Еліміздегі оқушылар орнының, сондай-ақ үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығы мәселесін шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы іске қосылды.

Оны 2023 жылдан 2025 жылға дейін іске асыру жоспарланған. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы ретінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ таңдалды.

Ұлттық жобаны жүзеге асырудың арқасында республикада 842 мың оқушы оқитын 401 жаңа мектеп салынады.

2023 жылы 467,8 мың оқушыға арналған 221 мектептің құрылысын бастау жоспарланған.

Жалпы жобаны жүзеге асыруға 2,6 трлн теңге мемлекет инвестициясы бағытталады.