Қазақстанда жатақхана салған кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетілмек

1 255

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан елімізде жатақхана салғандарға мемлекеттік қолдау көрсетілетінін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Орталық коммуникациялар қызметінде тілшілер жатақханаға орналасудың орнына пәтер жалдауға субсидия беріле ме деген сұрақ қойды. Министрліктің өкілі Ақерке Абылайхан мұндай жоспар жоқ. деп жауап берді.


«Шынында да, студенттер қазір жатақханаларға орналасып жатыр. Университеттер қонақүйлер мен жатақхана иелерімен келісімшарт жасасуда. Мұндағы бірінші талап – жатақханаларда тек студент жастар тұруы керек. Бұл жатақханаларда тұру құны 30-60 мың теңге аралығында. Әрине, арзан емес. Бірақ пәтер жалдауға қарағанда қолайлы», - деді Ақерке Абылайхан.


Сондай-ақ, министрлік өкілі мемлекет ғимаратты салу және қайта құру бойынша бизнес өкілдерін қолдау шаралары қолға алынғанын жеткізді.


«Оларға шынымен де мемлекеттік қолдау қарастырылған. Өңірлерде жатақхана салу кезінде 6 жыл бойы әрбір бала үшін 150 АЕК (517 мың теңге) мөлшерінде мемлекеттік тапсырыс өтелетін болады. Алматыда бұл сома 230 АЕК-ті (793 мың теңге) құрайды. Жатақхана ғимаратын қайта жаңартуға да қолдау қарастырылған: өңірлерде – 47 АЕК (162150 теңге), Алматы, Астана қалалары үшін – 92 АЕК (317400 теңге)», - деп толықтырды ол.