Вице-министр мектептердің сапасыз салынуына түсінік берді

515

Фото: Оқу-ағарту вице-министрілігі«Жайлы мектеп» жобасын пысықтауға арналған аппарат жиналысында Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев мектептерді салу кезінде орын алатын басты мәселелерді атады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

«Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобаны дайындау бойынша жұмыстар басталды. Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарларымен жер бөлу мәселесі бойынша тығыз жұмыстар жүргізіледі. Баршаңызға мәлім, қазіргі таңда жаңа мектеп құрылысында көптеген кемшіліктер бар.
Атап айтқанда, 300-ден 1200-ге дейін орын саны бар типтік мектеп құрылысына мемлекет 7,6 млрд теңгеге дейін жұмсайды. Соның ішінде, мектепті жабдықтармен жарақтандыру сметалық құнының шамамен 4-10 пайызын ғана құрайды. Яғни, 500 млн теңгеге дейін жұмсалады. Нәтижесінде, мектеп тапсырылған соң оны қажетті пәндік кабинеттермен, компьютерлік сыныптармен, оқу зертханаларымен, шеберханалармен және басқа да толығырақ жарақтандыру үшін қосымша 1 млрд теңгеге дейін талап етеді.
Сондай-ақ құрылысты уақтылы қаржыландырмау проблемасы объектілер құрылысы құнының қымбаттауына, құрылыстың ұзаққа созылуына, құрылыс конструкциялары мен материалдарының тозуына алып келеді. Салдарынан жобалық-сметалық құжаттар түзетіледі. Бұған қоса, мердігерлер барынша пайда табу мақсатында сапасыз, арзан құрылыс материалдарын пайдаланады. Салдарынан 3-5 жылдан кейін сапасыз құрылыс қайта күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді», -
 деп мәселелерді атады вице-министр.


Ғани Бейсембаевтің дерегінше, бұл олқылықтар «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешімін табады. Оған сәйкес, алдағы уақытта салынатын барлық мектептердің құрылысында бірыңғай стандарттар қолданылады. Тиісінше, жабдықтау шығындары кем дегенде 20 пайызға жетеді. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 5-7 пайыздан аспайды. Бұдан бөлек, болашақта бой көтеретін білім ордаларындағы спорт залдар жеке блоктарда орналастырылады.