Министрлік үлгерімі төмен, сабақтан жиі қалатын оқушыларға көмектесу тәсілін ойластырды

284
Орта білім беру ұйымдарына арналған мектепішілік есепке алуды жүргізу бойынша әдістемелік ұсыныс әзірленді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Ол ерекше назар аударуды және білім беру ұйымдарының көмегін қажет ететін балаларды қамтиды. Мектепішілік есепке үлгерімі төмен, сабақтан жиі қалатын, мектеп Жарғысын және ішкі тәртіп ережелерін бұзатын оқушылар алынады.

Комитет төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша, мектепішілік есеп ерекше педагогикалық назарды, кешенді қолдауды қажет ететін кәмелетке толмағандарды уақтылы анықтауға көмектеседі.

Бүгінде барлық мектеп мектепішілік есеп жүргізуді бастады. Мектепішілік есепке алудың бірыңғай тәсілін қалыптастыру мақсатында біз тиісті әдістемелік ұсынымдар әзірледік. Енді мектепішілік есепте тұрған әр балаға қосымша сабақтар ұйымдастырып, баланың шығармашылық, спорттық әлеуетін ашуды, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді қамтитын жан-жақты көмек беріледі. Оқушыларды есепке алу туралы шешімді білім беру ұйымының алдын алу кеңесі қабылдайды, - деді Юлия Овечкина.

Айта кетері, мектепішілік есепке алу білім беру ұйымында ғана жүзеге асады. Оның басты мақсаты - балаға жеке әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, құқық бұзушылықтың алдын алу.