Биыл Сыр өңірінде жаңа білім ордаларының құрылысы басталмақ

1 572

Биыл Қызылорда облысында заманауи үлгідегі мектеп пен оқушылар сарайы салынбақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Облыс әкімдігінің қолдауымен аймақта жаңа жобалар жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде білім беру нысандарының құрылысы ерекше қарқын алды.


Қаланың сол жағалауынан 300 орынға арналған жатақханасы бар, дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика мектеп-интернатын салу жоспарланып отыр. Құрылыс мамыр айында басталмақ.


Осы кезге дейін Қызылорда қаласында бір ғана Оқушылар үйі бар еді. Енді сол жағалауда 350 орынға арналған заманауи үлгідегі екінші Оқушылар сарайының құрылысы басталмақ.


Биыл дарынды балаларды қолдау мақсатында Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданында 150 орынға арналған мамандандырылған мектеп-лицей ашылды. Оған қоса, Жезқазған трассасы бойында 600, Жаңақорған ауданы «Майбекет» мөлтек ауданында 300, Шиелі ауданы Байсын ауылында 250, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 250 орындық мектептер ел игілігіне беріледі. Ал, Арал ауданы Тоқабай елді мекеніндегі №248 апатты мектеп жеке инвестор есебінен жаңарып, биыл пайдалануға берілмек.


«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста алдағы 3 жылда 15 100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп салынады. Биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Бұл 2025 жылы өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер мәселесінің толығымен шешім табуына, балалардың сапалы білім алуына берік негіз қалайды.


Мұнан бөлек, Қызылорда қаласындағы үш ауысымға көшуі мүмкін мектептердің мәселесі де биыл шешімін табады. Қазір Абай атындағы мектеп жанынан 550 орындық, №101 мектеп-лицей жанынан 375, №264 мектеп-лицей жанынан 550, №3 мектеп-лицей жанынан 375 орындық қосымша оқу ғимараттары салынып жатыр.


Облыстағы білім беру ұйымдарының барлығы бейнебақылаумен қамтылған. Құрылғылардың санын толықтыру, сондай-ақ жөндеуді қажет ететін бейнебақылау жүйесін іске қосу ойластырылып отыр. Бұл бағытта өткен жылы 35 мектепке 250 млн теңге бөлінсе, осы жылы 35 мектеп, 28 балабақшаға бейнебақылау орнатуға 453,6 млн теңге қаралды. Оған қоса, жергілікті бюджеттен 170 мектепке дабыл түймесін орнатуға 97,1 млн теңге бөлінді. Осылайша, білім ошақтарында балалардың қауіпсіздігі 100 пайыз қамтамасыз етілген.


Қазіргі күн тәртібіндегі мәселенің бірі – бу қазандықтары жапсарлас немесе негізгі ғимарат ішінде орналасқан 11 білім нысанының құрылысы. 4 мектептің сметалық құжаттары әзірленіп, оның 2-еунің құрылысы қолдау тапты. Қалған 7 білім беру нысаны бойынша сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар, былтыр апатты деп танылған 6 мектептің 3-нің мәселесі шешімін тапты.


Жылма-жыл ұстаздардың біліктілігін көтеру мәселесі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мысалы, өткен жылы 7 610 педагог біліктілігін арттыру курсынан өтсе, биыл тағы да 8 мыңға жуық ұстаз біліктілігін арттырады. Айта кетейік, біліктілік арттырудың тағы бір критерийі – аттестация, осыған сәйкес 2022 жылы 700 педагог аттестациядан өткен.


Былтыр «Үздік педагог-2022» республикалық байқауына қатысқан 4 ұстаз жоғары марапат иеленсе, облыстық байқауда жеңімпаз атанған 6 ұстазға 918 мың теңгенің сертификаты табысталды.