Биылғы колледж гранты рекордтық көрсеткішке жетті

473

Фото: pixabay.com

125 мың қазақстандық еліміздің колледждерінде оқуға грант алды. Осылайша, биыл грант иегерлерінің саны рекордтық көрсеткішке жетіп, былтырмен салыстырғанда 45 мыңға артты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

2021 - 2022 оқу жылының қорытындысы бойынша ТжКБ ұйымдарына 183 мыңнан астам талапкер оқуға түскен. 
Студенттердің көпшілігі инженерия, білім беру, құрылыс, туризм, қонақ үй бизнесі сияқты түрлі салаларды таңдаған.
Оқуға қабылдау бойынша құжаттарды тапсыру 25 маусымда басталып, 25 тамызда аяқталғанын айта кетейік. Биыл оқу грантын игергісі келетіндерге арналған квоталар тізімі ұлғайды.. Көпбалалы отбасынан шыққандар  5%, толық емес отбасы балалары үшін 1%, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін 1% квота қосылды.

«Қазақстанда еліміздің колледждерінде білім алуға берілетін гранттар саны жыл сайын артып келеді. Президенттің тапсырмасы аясында 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға беріледі. Мысалы, биылдың өзінде 52 мыңнан астам студент оқуға түсу кезінде инженерия, өңдеуші және құрылыс саласы сияқты мамандықтарды таңдады. Сонымен қатар биыл 8 мыңға жуық студент алғаш рет жұмысқа орналасу міндеттемесі бар кәсіпорындардың өтініші бойынша мақсатты оқыту аясында грант алды. Мақсатты мемлекеттік тапсырыс колледждерге еңбек нарығының сұранысы бойынша кадрлар дайындауға мүмкіндік береді. Яғни балалар оқуды аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасады», – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.