Талапкерлерді ЖОО-ларға қабылдау квотасы бекітілмек
Жаңа оқу жылында талапкерлерді жоғары оқу орындарына қабылдау квотасының мөлшері бекітілуі мүмкін, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрінің бұйырық-жобасы «Ашық» НҚА порталында жарияланды.
«Бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысынан жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасының мөлшері бекітілсін», - делінген бұйрық-жобасында.
Құжатқа сай, жаңа оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы мына мөлшерде бекітілді:
- бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар арасынан шыққан азаматтар үшін – 1%;
- басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер үшін – 0,5%;
- ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын білім беру бағдарламалары бойынша оқуға ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін – 35%;
- ҚР азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 4%;
- жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы ҚР азаматтары үшін – 1%;
- ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ауыл жастары арасынан шыққан ҚР азаматтары үшін – 5%;
- кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 5%;
- кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін – 1%;
- бала кезінен мүгедектігі бар балаларды, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін – 1%.
Министр бұйрығы 15 мамырға дейін көпшілік талқылауда болады.