Мұғалімдер аттестация нәтижесіне жаппай наразылық білдірді
Шығыс Қазақстан облысында жүздеген мұғалім аттестациялау талаптарының өзгеруіне байланысты жаппай наразылыққа шықты,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Педагогтардың айтуынша, оқу-ағарту министрлігі биыл енгізген жаңа талаптар салдарынан көптеген ұстаз санатынан айырылып, жылдар бойы жинаған еңбегі есепке алынбай қалған. Атап айтқанда, педагог-зерттеуші санатын сақтау үшін “авторлық бағдарламаны” бағалау жүйесіне қосу талабы бірден күшіне енгізілген.
Ұстаздардың сөзіне қарағанда, авторлық бағдарлама дайындау үш кезеңнен тұрады және оны оқу жоспарына енгізу қыркүйек айында ғана жүзеге асады. Сондықтан үш айдың ішінде бағдарлама әзірлеп, апробациядан өткізу мүмкін емес.
Бастауыш сынып мұғалімі Назым Қалиақпарованың айтуынша, аттестациялау шарттары “мүлдем миға қонымсыз”:
“Бағдарлама үш кезең арқылы бекітіледі. Апробациядан өтуі керек, оқу жоспарына енгізілуі тиіс. Ал оқу жылы әлдеқашан басталып кеткен. Мұндай талапты орындау мүмкін емес”, – деді ол.
Санатынан айырылған мұғалімдер жалақысының азаюымен қатар, соңғы үш айда алған үстемеақыларды да мемлекетке қайтаруы керек. Олар мұны “ауыр соққы” деп атап, аттестация талаптарының жиі өзгеруіне қарсылық білдірді.
Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Уазипа Боранбаева бұл жағдайдың бүкіл ұстаздар қауымын алаңдатып отырғанын айтады:
“Біліктілік бес жыл сайын тексеріледі, бірақ талаптар жыл сайын өзгереді. Мұғалім қалай тұрақты жұмыс істей алады?”, – дейді ол.
Ал облыстық білім басқармасы аттестациялау нәтижелерінің әділ өткенін алға тартып отыр. Басқарма өкілдерінің мәлімдеуінше, “авторлық бағдарлама” былтыр енгізілгенімен, бұрын негізгі бағалауға енбеген. Ал осы жылы министрлік 83-бұйрыққа өзгеріс енгізіп, бұл талапты міндетті баллдық жүйеге қосқан.
Бөлім басшысы Әсел Бұлжанованың айтуынша, барлық өзгерістер министрліктің құзырында:
“Егер мұғалім бір талапты орындай алмаса, сынақтан өтпейді. Бұйрық министрлік тарапынан өзгертілді, сондықтан бұл мәселемен де солар айналысады”, – деді ол.
Жауапқа қанағаттанбаған мұғалімдер енді сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.







