Ұлттық бірыңғай тестілеуге қалай тегін дайындалуға болады

2 503

2023-2024 оқу жылының басында ұлттық тестілеу орталығының сайтында тестілеуге дайындалуға ұсынылған оқулықтар тізімі, үлгілік тест тапсырмалары, тест спецификациялары және жоспары жарияланды,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Талапкерлерге жылдағы дәстүр бойынша "Қазақстан тарихы" және "Дүниежүзі тарихы" пәндерінен тарих институтымен бірлесіп бекітілген 100 дата тізімі ұсынылды. Тестілеуге датаға қатысты кездесетін сұрақтар тек осы хронологиялық кестеден қосылады.

Сонымен қатар ұлттық бірыңғай тестілеуде "Қазақ әдебиеті" мен "Орыс әдебиеті" пәндерінен кездесетін шығармалар тізімі (мектеп бағдарламасынан), сонымен қатар "Информатикадан" тестілеу сұрақтарында кездесетін немесе сұрақтың мазмұнын түсіну үшін қажет терминдер тізімі ұлттық тестілеу орталығының сайтында орналастырылды.


"Талапкерлерге тиімді болуы үшін ҰБТ-ға дайындалуға арналған байқау сынақтарын іске қостық. Байқау сынағын өту кезінде түсуші тест тапсырмаларымен танысуға және таңдаған пәндері бойынша өзінің білім деңгейін тексеруге мүмкіндік алады. Менің ойымша, бұл балаларға дайындықты одан әрі жақсартуға көмектеседі", – деді ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Сонымен қатар 2024 жылғы түлектерге білім беру орталықтарының қолдауымен тегін онлайн сабақтар өтіп жатыр. Бұл сабақтар білім беру орталықтарының YouTube арналарында тікелей эфирде өтіп, сақталады. Талапкерлер кез келген уақытта оларды қайта қарай алады.