Колледждерде білім алуға 145 мың грант бөлінді
Жаңа оқу жылында еліміздің колледждерінде мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 145 мың орынға дейін артты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мың орынға көп, – деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 90%-ды құрады.
Сондай-ақ колледждерге талапкерлерді кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қабылдау жалғасуда. Ол бойынша жыл сайын 10 мың талапкер қабылданады. Бұл кадрларды еңбек нарығының талабына сәйкес дайындауға мүмкіндік береді", – дейді министрлік өкілдері.
Маман даярлаудың маңызды бөлігі – бизнеспен ынтымақтастық құру. Қазіргі уақытта 518 кәсіпорын 410 колледждің түлектерін практикалық даярлауға, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ете отырып, дуальді оқытуға және шефтік қамқорлық көрсетуге қатысуда.
Бұл шаралардың барлығы жас мамандарды кәсіби дайындауға және еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған.