Жас мамандар қазақ есімдерінің мағынасы мен шығу тарихы қамтылған мобильді қосымша ойлап тапты
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің IT мамандары қазақ есімдерінің мағынасы мен шығу тарихын қамтитын мобильді қосымшаны қолданысқа енгізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Қызықты ономастика» деп аталатын бұл мобильді қосымшаның жаңа туған нәрестеге азан шақырып, ат қою кезінде пайдасы көп тиетіні сөзсіз. Әсіресе, қазіргідей ел ішінде өзге тілдегі есімдерді қою үрдісі белең алған кезде аталған жобаның қазақ есімдерін насихаттауда теңіздің тамшысындай болса да үлес қосатыны анық. Осы ретте біз бұл қосымшаны әзірлеген Еуразия ұлттық университетінің 1 курс докторанты, «Қазақ тілі мәдениетін арттыру және функцияларды кеңейту бойынша ғылыми-лингвистикалық негіздер мен IT-ресурстарды әзірлеу» Ғылыми-зерттеу тобының ассистенті қызметін атқарған Лаура Орынбаймен аз-кем әңгімелескен едік.
Қазақ ономастикасына арналған заманауи мобильді қосымшалар – еліміздегі жалқы есімдер жүйесінің байлығы мен алуан түрлілігін зерттеу мен зерделеуге ыңғайлы құрал.
«Қызықты ономастика» мобильді қосымшасын әзірлеудің ғылыми-техникалық деңгейі қазақ ономастикасына, оның ішінде антропонимдердің, олардың шығу тарихы мен мағынасын жинақтап, талдауға арналған ауқымды зерттеулерге, сонымен қатар компьютерлік лингвистика әдістері мен программалаудың заманауи технологияларын біріктіре отырып, жоғары ғылыми-техникалық тәсілдерге негізделген. Жекелей айтқанда, MySQL 8 деректер базасын басқару жүйесі, әзірлеушілерге бірыңғай кодтық база негізінде iOS, Android және Интернет үшін жоғары өнімділік пен дәлдіктегі, жергілікті мобильді қосымшаларды әзірлеуге мүмкіндік беретін Flutter 3.0 платформасы, Backend үшін GoLang программасы қолданылды. Қосымша дизайны Figma-да жасалды. Алынған нәтижелер қазақ тілінің цифрлық ресурстарын әзірлеу барысында тек практикалық маңызға емес, сондай-ақ теориялық маңызға да ие, себебі семантикалық базаны құру кезінде қазақ ономастикасының (қазақ тіліндегі жалқы есімдердің) кейбір категориялары мен белгілері (қасиеттері) түзетіліп, нақтыланады», – дейді маман.
Маманның айтуы бойынша, бұл қосымша «Қазақ тілі мәдениетін арттыру және функцияларды кеңейту бойынша ғылыми-лингвистикалық негіздер мен IT-ресурстарды әзірлеу» жобасының аясында жасалған екен. Қосымшада 800-ден астам жеке атаулар және олардың 100-ден астам семантикалық белгілері бойынша жинақталған. Жобаны әзірлеу ісі шамамен бір жарым жыл уақытқа созылып, жан-жақты зерттеулер жүргізілген. Қосымшаны дайындау кезінде жұмыс тобында 5 маман еңбек еткен.
Қосымшаны әзірге Android платформасын қолданушылар ғана жүктей алады.
«Қазақ тілінің функцияларын кеңейту және мәдениетін арттыру үшін ғылыми-лингвистикалық негіздер мен IT-ресурстарды әзірлеу» жобасы бойынша kazlangres.enu.kz сайты әзірленген екен. Бұл сайттың бірнеше функционалдарын маман атап өтті.
- Мәтін синонимайзері қазақ тілінде енгізілген мәтіндегі сөздерді синонимдермен алмастыруға көмектеседі.
- Қазіргі қазақ тілінің грамматикасы бойынша анықтамалық, оның негізінде грамматика бойынша сұрақ қойып, оған жауап алу
- Мектеп оқулықтарының терминдер жинағы
- Сөз синтезі (енгізген сөзді/ сөйлемді дыбыстау жүйесі)
- Ахметтану (ғалым тұлғасы, мұрасы, тіл-құрал). Ономастика бойынша деректер де осында салынатын болады.
Сондай-ақ, маман алдағы уақытта «Қазақ саяси дискурсын талдаудың әдістерін әзірлеу» жобасы аясында саяси дискурстың сентимент талдауы жүзеге асырылып, сол негізде программалық қосымша әзірленетінін айтып өтті.