Бір мектепте жеті жылдан аса директор болғандардың барлығы тексеріледі
Қазақстанда бір қызметті жеті жылдан аса атқарып отырғандардың бәрі тексеріледі,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Жетісу облысында білім саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері бойынша жиналыста атап өткен болатын. Енді бір қызметте 7 жылдан аса басқарған директорлар түгелдей тексерілетінін айтты. Өйткені бір қызметте ұзақ жылдар бойы отыру жемқорлық тәуекелдерін арттыратын көрінеді.
“Оқу-ағарту министрлігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарын қаржыландырудағы коррупциялық тәуекелдерге сараптама жүргізуде. Мұндағы алдын ала алынған мәліметтер бойынша конкурс рәсімдерінде, жұмысқа орналасуда, балаларды балабақшаға, мектепке қабылдауда, сондай-ақ ұйым директорларының ұзақ уақыт бір қызметте отыруында сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар екені белгілі болды. Лауазымды бір қызметті жеті жылдан аса уақыт кезеңінде атқарып келе жатқан басшылардың барлығын тексеру туралы шешім қабылданды", - деді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының директорларын тағайындау рәсімдерінің жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында министрлікте жоғары білікті мұғалімдердің базасы мен мектеп директорларының кадрлық резерві қалыптастырылмақ.