Қазақстан мен Малайзия білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

2 658

Фото: tusur.ruБиыл 2 мыңнан астам қазақстандық студент Малайзияның жоғары оқу орындарына түсті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 24kz сайтына сілтеме жасап.

 Олардың басым бөлігі бизнес және әкімшілік, өнер, инженерия, педагогика, журналистика сынды мамандықтарды таңдаған. Қазір бұл елде оқуға ниет білдіргендердің саны бойынша Қазақстан үздік ондыққа кіреді. Елордада Қазақстан мен Малайзияның білім саласындағы ынтымақтастығы талқыланып, Малайзиядағы жетекші университеттердің қатысуымен арнайы көрме ұйымдастырылды. Шара қонақтары оқуға түсу процесі, шәкіртақы мен грант алу мүмкіндіктері туралы сұрастырып, оқу бағдарламаларымен танысты. Одан бөлек, визалық рәсімдер, өмір сүру шығындары мен Малайзиядағы мансаптық мүмкіндіктер жайлы семинар мен шеберлік сыныптары өтті. 

Баян Нишан, Малайзиядағы Қазақстан диаспорасының басшысы: - Малайзияда оқитын студенттер сол елдің дипломымен қоса Ұлыбритания, Австралия, Жаңа Зеландия, Франция, Швейцарияның дипломын да алып шығады. Малайзия – Азия елдері арасындағы ең қауіпсіз мемлекеттің бірі. Экономикалық және саяси тұрақты мемлекет саналады. 
Мохда Адли бин Абдулла, Малайзияның Қазақстандағы елшісі: - Малайзия шет мемлекеттен келген студенттерге жоғары сапалы білім беріп, барынша қолайлы жағдай жасап отыр. Жастардың бұл елді таңдауына негізінен оқуға түсуге тиімділігі және өмір сүру сапасы әсер етеді. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, екі ел арасындағы ынтымақтастық арта түседі деген сенімдеміз.