Мектепке келушілерді өткізу тәртібіне қатысты тиісті құжат қабылданбақ
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балалар қауіпсіздігіне қатысты білім беру ұйымдарында бірінші басшылардың дербес жауапкершілігі күшейетінін айтты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Балалар қауіпсіздігін мектепте қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру бағытында министрлік бірқатар бастаманы көтеріп отыр. Білім беру ұйымдары бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін күшейту ескерілген. Шұғыл әрекет ететін жағдайлар бойынша мектеп директорын тиісті іс-қимыл алгоритміне оқыту жүргізіледі», - деді Е. Оспан Мәжілісте мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелері тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.
Оның айтуынша, ішкі істер органдарының қатысуымен білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйелеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізу қарастырылған.
«Мектепке келетіндерді өткізу тәртібіне қатысты арнайы типтік ереже қабылдау және тиісті нұсқаулыққа өзгеріс енгізу ескерілген», - деді вице министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылмен салыстырғанда жедел басқару орталықтарына қосылған білім беру ұйымдарының саны 11 есеге (2020 ж. – 500, 2023 ж. – 5 588) артты.
Оқушылары көп және ірі қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарында лицензияланған күзеттің қамтамасыз етілмеуі анықталды.