Аймақ әкімдері қанша білім грантын бөлді?

1 278

Аймақ басшылары бөлген білім грантының саны белгілі болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


"Биыл жергілікті атқарушы органдар 2500 грант бөлді. Гранттар өңірлерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша бөлінген. Білім гранттарын тағайындау жөніндегі конкурсқа қатысу үшін талапкерлер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы өтініш беру қажет", - деп мәлімдеді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. 


Әкімдіктер жыл сайын басым мамандықтар бойынша нысаналы даярлыққа гранттар бөледі. Негізінен өңірлерге педагогтер, дәрігерлер, инженерлер және IT-мамандар қажет. Мысалы биыл, 1475 грант "Педагогикалық ғылымдар" және 424 грант "Денсаулық сақтау" бағытына бөлінген.


"Өткен жылдағыдай, 1000-нан астап грантты елорда әкімдігі бөліп отыр. Бұл – әкімдіктер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы – 270 грант, Абай облысы – 200 грант, Маңғыстау облысы – 175 грант, Ақмола облысы – 160 грант және Жетісу облысы – 100 грант. Қалған аймақтар 100-ден аз грант бөлген. Алайда, Шымкент және Алматы қалаларының, сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Павлодар облыстарының әкімдіктері бакалавриат мамандарын даярлауға грант бөлмеген", – деп жазды Саясат Нұрбек. 


Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер:


  • ЖОО-ның қабылдау комиссиясына білімі туралы құжат;
  • ҰБТ сертификатын;
  • жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
  • жеңілдік санатын растайтын құжаттарды (бар болған жағдайда) тапсырады.


Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.