12 жыл бойы оқушылар апатты мектепте білім алған
Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Ақбастау ауылында мыңға жуық халық тұрады. Елдімекендегі 180 орындық мектептің үш ғимараты 1965, 1985 және 2000 жылдары салынған. Бүгінде олардың барлығының тозығы жетіп, әсіресе 1965 жылы салынған А1 ғимараты апатты жағдайда тұр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
СЭС талаптарына сай келмейтін мектепте сыныптар тар, арнайы кабинеттер, асхана, кітапхана жетіспейді. Оқушылар асханаға бару үшін көлік жүретін жолды кесіп өтуге мәжбүр. Мектепте жылу пешпен қамтамасыз етіледі, әжетхана да талапқа сай емес.
2013 жылы «Конструктор-80» ЖШС апатты ғимаратты құлату керек деп қорытынды бергеніне қарамастан, онда әлі күнге дейін балалар оқып жүр. 2018 жылдан бері жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттары екі рет жасалып, екеуінің де мерзімі өтіп кеткен.
Тұрғындар мен ақсақалдар жыл сайын әкімдердің уәдесі орындалмайтынын айтады. Мәселе облыс әкімдерімен кездесулерде де бірнеше мәрте көтерілгенімен, нақты нәтиже болмаған.
Акт залы бір уақытта қойма мен спорт секциясының орнына айналған. Соған қарамастан оқушылар облыстық және республикалық жарыстарда жүлде алып жүр. Кабинет жетіспеушілігінен 30-дан аса оқушы көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр.
Аудандық мәслихат депутаты Мақсатбай Мәуленовтің сөзінше, мәселенің тоқырауы қаржыға байланысты. Ал облыстық білім басқармасы Ақбастауда 150 орындық жаңа мектеп салу жоспарланғанын, құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылы басталады деп мәлімдеді.







