Биыл докторантураға түсу емтиханы қалай өтеді
Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев биыл докторантураға түсу емтиханы қалай өтетінін айтып берді.
Тойбаевтың сөзіне сенсек, биыл докторантураға түсу ережесіне үлкен өзгерістер енгізілген.
"Докторантураға түсу ережесіне өзгерістер енгізілді. Оның ішінде емтихан жаңа форматта өтеді. Докторантураға құжаттар жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы Ұлттық тестілеу орталығының сайтында қабылданады. Енді талапкерлер емтихандарды өңірлік тестілеу орталықтарында компьютерлік форматта тапсырады. Келесі күні емтиханның қорытындысы шыққаннан кейін нәтижесімен келіспеген жағдайда аппеляцияға өтініш бере алады", - дейді Әділет Тойбаев.
Департамент басшысының айтуынша, грант иеленгендердің тізімі жоғары оқу орындарының сайттарында жарияланады.
"Докторантураға түсуші тіркелу барысында жеке мәліметтерін толтырып, түсу жоспарланған бір білім беру бағдарламасын және бір жоғары оқу орнын таңдайды.
Емтиханды өткізу уақыты мен орны емтихан басталғанға дейін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жарияланады. Докторантураға түсу емтиханы эссе жазудан (20 балл), оқуға дайындығын анықтауға арналған тесттен (30 балл) және бейінді білім беру бағдарламасы бойынша сұрақтарға жауап беруден (50 балл) тұрады. Соңында қорытынды баға шығарылатын болады", - дейді Әділет Тойбаев.