Аймағамбетов кімдердің бейнежазбасы тексерілетінін айтты

247
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тамыз айына дейін қандай түлектердің ҰБТ тапсыру кезіндегі бейнежазбасы тексерілетінін айтты.

"Мысалы, биыл наурызда түлектер өз еркімен сынама тест тапсырды. Сол сынама тестілеудің балы мен ҰБТ балын салыстырып, 20 балдан көп ауытқу болса, онда осындай ауытқу бар барлық баланың бейнежазбасын бөлек қараймыз. Үлкен зерттеу өткіземіз", - деді Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында. 


Ол бұл норма былтыр алғаш рет қолданылғанын атап өтті. Биыл да тамыз айының соңына дейін ҰБТ тапсырған балалардың бейнежазбалары талданады. 


"Енді тамыз айына дейін бейнекамераларды қарап, егер тәуекелдер байқалса, онда тиісті шешім қабылдауымыз керек. Өткен жылы мұндай жұмысты алғаш рет жүргізген едік. Сонда біз бекітілген талаптарға сәйкес өзін ұстамағаны, ережелерді бұзғаны үшін біраз талапкердің нәтижесін жойдық", - деді министр. 


Сонымен қатар, Аймағамбетов магистратура мен докторантура емтихандарын да электронды форматта өткізуді тапсырды.