Мектеп мұғалімдері мемлекетке қыруар ақша қарыз болып қалды
Батыс Қазақстан облысы Серебряков ауылында мектеп мұғалімдері мен жұмысшылары бюджетке 57 миллион теңге берешек болып қалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Телеарна мәліметінше, әкімшілік 73 адамға артық жалақы алдыңдар деген желеумен қомақты қаржыны мойнына іліп қойған. Кейбіреулері 3 миллион, біреулер 500 мың теңге қарыз. Ал мектеп ұжымы мұндай ақшаны алмағандарын айтып отыр.
Орыс тілі пәнінің мұғалімі Ғалия Жанабаева бюджетке 3 миллион теңге берешек екенін мамырда білген. Аудит оған екі жыл бойына артық ақша алып келген деп айып тағып отыр. 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз енді не істерін білмей дал.
Тек мұғалімдер емес, мектептегі кіші қызметкерлер де қазынаға қарыз боп шықты. Тіпті кейбірінің атынан бірнеше есепшот ашылған. Өздері бұл жайттан бейхабар. Ең сорақысы, аудит қағазында жалақы мөлшері бар да, еңбек демалысында берілген төлем көрсетілмеген.
Серебряков мектебінде аудит 2021 жылғы қаңтар мен 2022 жылғы қараша аралығына тексеріс жүргізіп, заңбұзушылықты анықтаған. Қазір білім ордасында тәуелсіз аудит сараптама жасап жатыр. Өйткені ұжым мемлекеттік аудит қорытындысымен келіспейді. Бұрынғы бас есепші Светлана Джапарова жұмыстан шеттетілген. Ал білім басқармасындағылар мектеп қызметкерлері екі жыл бойына артық ақша алғанын, бірақ мойындамай отырғанын айтады.
Аядай ғана мектепте 41 мұғалім мен 25 кіші қызметкер еңбек етеді. 225 оқушы білім алады. Экономикалық тергеу департаменті мектепке қатысты екі істі тергеп жатыр. Ал мұғалімдер жағдай өзгермейтін болса, ұжым болып сотқа жүгінуге бекініп отыр.