ҚЫЗЫЛОРДАДА БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ САПАСЫ АҚСАП ТҰР

5 457

Фото: egemen.kzАймақтағы білім беру ұйымдарындағы білім сапасы мен тәрбиесінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша жүйелі жұмыстың жоқ екендігін көрсетті, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.


Қорытынды нәтижесімен мектепте соңғы үш жыл көлемінде оқушылардың да, ұстаздардың да облыс деңгейінде бірде-бір нәтиже көрсетпегені анықталған. 

Білім беру ұйымдарындағы тәрбие беру саласына жүргізілген зерделеу бойынша да бұл салаға жеткілікті мән берілмеген.

Мысалы, тәрбие мамандарына біліктілік арттыру курстары жүргізілмеген, оларға сала бойынша әдістемелік көмектер берілмеген, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында тәрбие саласына қатысты жоспарлау отырыстары өткізілмеген. Нәтижесінде, білім мекемелеріндегі тәрбие жоспарлары бұдан 5-10 жыл бұрын қабылданып, бүгінгі күні мәнін жоғалтып, күші жойылған нормативтік актілерді басшылыққа алып жасалған күйі қолданылып келген. 

Мектеп басшылары жауапкершіліктен қашқақтап құқық бұзушылыққа бейім балаларды есепке алуды жүргізбейтіндігі тағы бар. 

Білім саласындағы орын алған жағдайлар  1-2 жылдың көлеміндегі емес жылдар бойы қордаланған мәселелердің көрінісі. Ең сорақысы  бұрын-соңды мектеп директоры қызметінен босатылған тұлғалар қайта тағайындалғандығы анықталған. 

«Саладағы сан жылғы тәрбие мен білімнің сапасының ақсағаны рас. Мойындаймыз. Алдағы уақытта барлық мектеп оқушыларын өңірдің барлық елді мекеніндегі клубтар мен мәдениет үйлерінен құрылатын отаншылдық және мемлекетшілдікке, патриоттыққа тәрбиелейтін түрлі бағыттағы үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-тәрбие орталығының жұмыстарына тартатын боламыз. 1 мектеп директорының лауазымынан 500 баланың тағдыры артық.», - деді Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов.


Жасыратыны жоқ, бұрын тәрбие мен білім егіз деуші едік. Қазір сол егіздің сыңарының бірі дәріптеліп, екіншісі көп айтыла бермейді. Бүгінгі күні мектептегі білім беру мен тәрбие арасындағы сабақтастықтың жоқығы қоғамда дертке ұласып бара жатыр. Қазіргі кездегі жастар арасындағы құқық бұзушылықтың көбеюі, зиянды әдеттерге әуестенуі, ата-аналар мен ұстаздарды сыйламауы белең алуда. Біздің үміт артқан болашағымыз бұлыңғыр бола бастағандай. Олай деуге басты себеп, бір аптада жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны күрт өсті. Өзара келіспеушіліктің соңы төбелеске ұласып жатты, ол аздық еткендей оқушы өліміне әкелген жайттарда бар. Осы орайда полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу әрекеттерін бастап та кеткен. 


Қоғамда орын алған жағдайға байланысты қала әкімі де жиын өткізіп сала басшыларын қатаң сынға алған болатын. 

«Орын алған оқиғалар білім бөлімі мен ювеналды полиция, мектептердің тиісті дәрежеде бірігіп жұмыс жасамауының салдары. Бұл - шұғыл шараларды талап ететін алаңдатарлық жағдай. Сондықтан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның шұғыл отырысын өткізуді тапсырамын. Комиссия төрағасы жіберілген кемшіліктер бойынша және нәтижелі жұмысы жоқ лауазымды тұлғалардың қызметіне талдау жасасын. Қорытындысы бойынша жауаптылардың атқарып отырған лауазымдарынан босату мәселесін қарайтын боламын», - деді Серік Салауатұлы.


Десек те, қандай сынның астында қалып, басшылық құрам ауысса да қылмыстың саны азаймаса көзбояушылық дүнияның не керегі бар? 


Бала тәртібіне жауапты ата-ана деп шырылдаған білім ошақтарының басшылары қылмыстың мектеп ауласынан тыс жерде орын алғандығын айтып ақталуда. Әйтсе де білім беру мен ғана шектеліп, қоңыраудан қоңырауға дейін 45 минутын өткізгенше асыққан ұстаздар да жетерлік. Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз.  


«Бәрінен де маңыздысы - бала қауіпсіздігі, сондықтан нәтиже беретін жұмыстарды қолға алу керек. Себебі, жалған ұран мен тек есеп беруге негізделген тәрбие сағаттары, профилактикалық шаралар жағдайды реттемейтіні анық», -деген қала әкімінің сөзі орынды.