Биыл 11 қосымша білім беру орталығы ашылады

2 579

Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіМемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Алматы қаласында, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда және Павлодар облыстарында 11 жаңа қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.


Бұл ұйымдардың ашылуы оқушыларға қосымша білім беруге және олардың таланты мен қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.


"Министрлік балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Өткен жылы ғана елімізде 9 қосымша білім беру орталығы ашылды. Биыл олардың саны тағы 11-ге артады. Жалпы, 2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру орталығын іске қосу жоспарланған", – деп атап өтті тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.


Айта кетсек, биыл балаларды қосымша біліммен қамтуды 85%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Елімізде барлығы 1 625 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді және әртүрлі бағыттар бойынша үйірмелердің 380 түрі ұсынылады. Оның ішінде ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық және басқа да үйірмелер бар.