Студент түрлі-түсті жүгері өсіріп шығарды

2 587

©LiveInternetТалдықорғандық студент жүгеріні сұрыптап, бірнеше жылда алуан түсті дәндері бар жүгері түрін нарыққа шығармақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Qazaqstan арнасының мәліметінше, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде оқып жатқан жас талант осы білім ордасындағы молекулалық генетика, геномика зертханасында жобасын іске асыруда.


Жүгері неге тек сары түсті ғана болу керек? Неге дәндері алуан түсті емес деген сұрақ Асқарды бала кезінен мазалап келген. Мектеп қабырғасында биологияға, оның ішінде селекцияға қызыққан оқушы өзі тәжірбие жүргізе бастайды. Түрлі жүгері сорттарын табиғи жолмен будандастырып, алуан түсті жүгеріге қол жеткізеді.


«Қазір бізде қолымызда бар бұл гибридтер. Бұл нақты сұрып емес. Бірақ біздің мақсат - осыдан жеуге жарамды, тәтті, түрлі-түсті, адамға қызық болатын жүгеріні шығару. Оның өндірістік қасиеті жоғары болатындай, адамға пайдалы болатындай жүгері нарыққа шығару басты мақсат», – деді студент Асқар Рахым.


Бір қызығы Асқар университетте дизайнер мамандығына оқып жатыр. Өйткені сурет салғанды ұнатады. Ал селекцияны хобби ретінде ермек қылып жүр. Десе де студенттің талпынысын зертханада ерекше бағалап, жан-жақты қолдау көрсетуде.


«Гибридті сорттардан биологиялық білімі болмаса да, селекциялық схеманы сақтай отырып, яғни өзіне керекті фнеотитпі қазіргі күнге дейін, 6 жылға дейін қуып келе жатыр» – деді молекулалық генетика және геномика зертханасының меңгерушісі Қанат Ермекбаев.


Жүгерінің көздің жауын алар түсі бар сұрпын шығару үшін әлі үш жылдай уақыт қажет дейді жас селекционер. Оған дейін бұл жобасымен түрлі ғылыми байқауларға қатысып, бақ сынап көрмек. Мұнан бөлек зерттеуші үйінде тауық өсіріп, түрлі-түсті жұмыртқа шығаруды да қолға алған.