БҒМ мұғалімдерге және студенттерге қатысты жағымды жаңалықты жария етті
257
Білім және ғылым министрлігінде мектеп педагогтері үшін тегін цифрлық курстар әзірленді. Онлайн-курстар 2 тамызда басталып, 31 қазанға дейін жалғасады. Оған педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттері де қатыса алады. "Пандемия жағдайында мұғалімдердің рөлі, қоғамдағы орны мен еңбегі одан әрі айқындала түсті. Цифрландыру заманында мұғалімдердің ІТ құзіреттіліктерін арттыру қажет. Курс педагогтердің цифрлық дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Курс бағдарламасы еуропалық білім қорымен бірлесіп әзірленді. ЕБҚ сарапшысы бейнепедагогика негіздері бойынша сессия өткізіп, бейнематериалдар жасау бойынша өз әдістемесімен бөліседі. Курс білім және ғылым министрлігінің www.edu.kz платформасында орналастырылады. Сондай-ақ, Microsoft Kazakhstan, Bilim Media Group және Kundelik оқыту курсы аясында педагогтерге арналған бейнедәрістер әзірледі", – дейді БҒМ "Өрлеу" біліктілікті арттыру ұлттық орталығының басқарма төрайымы Әсел Мұхаметжанова. Еліміздің мұғалімдері Финляндия мен Оңтүстік Кореяның білім беру процесіне инновациялық технологияларды интеграциялау тәжірибесімен танысады. Курстарда цифрлық білім беру технологияларын пайдалана отырып, педагогтерді сабақты жобалау әдістемелеріне үйретеді. Сонымен қатар, педагогтер ActivStudio, Pictochart, Jamboard, Prezi, Flippity сандық бағдарламаларын кәсіби түрде меңгеріп, ұлттық білім беру дерекқорының ресурстарын пайдалануды үйренеді. БҒМ қосымша білім беру педагогтері үшін де курстар ұйымдастырып, қазіргі таңда 2000-ға жуық педагог біліктілігін арттырды. Олар үшін жетекші ғалымдардың, оқытушылардың және практик-педагогтердің арнайы мастер-кластары ұйымдастырылды.