«EdTech Hackathon Kyzylorda» жеңіпаздары анықталды
Білім саласындағы үздік IT жобаларды анықтайтын «EdTech Hackathon Kyzylorda» облыстық IT жобалар хакатоны мәреге жетті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылған хакатонға Қызылорда облысы «Ақпараттық технологиялар» КММ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы ұйытқы болды.
17 мамырда өткен «EdTech Hackathon Kyzylorda» облыстық байқауына білім саласындағы IT жобалар қабылданды. Мақсаты – стартап жобаларды, цифрлы шешімдер мен талантты мамандарды іздеу, ақпараттық технологиялар, инновациялық және стартап жобаларды дамыту. Үздік жобаларға 500 000 теңге көлеміндегі қаржы бөлінді. Сондай-ақ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім гранты табысталды. Хакатонда 16-35 жас аралығындағы жастар бақ сынады. Топпен қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. Инноваторлар додасына 130 адам қатысып, қазылар алқасына 33 жоба таныстырылды.
1-орын иеленген «FloraHub» жобасының авторы Нұрдәулет Дүзеновке 250 000 теңгенің сертификаты табысталды. Ал 2-орын иегері Қалдан Аян тест құру жүйесіне бағытталған жобасына 150 000 теңге қаржы жеңді. Сондай-ақ, Дүйсенбек Ернұр, Ғанибек Мария, Аманбай Жансая «EMS – Education Management System» жобасымен 3-орын иеленіп, 100 000 теңге көлемінде қаржыға ие болды.. Мектеп оқушысы Ержанқызы Жансая «Easier together» жобасымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын иеленді.
Айта кетейік, Қызылорда қаласындағы №264 мектептің 11 сынып оқушысы Жансая Ержанқызының ұсынған «Еasier together» жобасы − сабақ беруге арналған онлайн платформа. Жансаяның ақпараттық технологиялар саласындағы бұл жобасы еріктілер мен білімге құштар аз қамтылған отбасыларды бір алаңға біріктіреді. Репетитор мен оқушыны қосатын онлайн платформаның ұстаздары Назарбаев зияткерлік мектебі, Республикалық физика математика мектебі, Білім инновация мектебінің үздік оқушылары мен жоғары оқу орындарының білім алушылары.
Онлайн білім беру командасындағы еріктілер айырбастау негізінде жұмыс істейді.
Бағдарламаға кез келген бала тіркеле алады. Ең бастысы – қолжетімділік. Жансаяның айтуынша, егер Қазақстанда орташа есеппен айына бір пәнді репетитормен оқу 28 000 теңге болса, онлайн платформада 3000 теңге. Оқуға қабылдау үшін оқушыларға қойылатын арнайы критерийлер жоқ. Бағдарламаға қатысушылар 5 пән бойынша білімін жетілдіре алады. Нақтырақ айтсақ, биология, математика, бағдарламалау, физика және химия бағыты.
Шетелдік еріктілер және студенттермен байланысуда ешқандай мәселе жоқ, себебі әлеуметтік желі немесе Zoom арқылы хабарласамыз.
Сайтты өзім жасадым. Себебі IT саласы бойынша түрлі курстардан өттім. Сондықтан қиындықтар болған жоқ. Менің қолдаушым – ата-анам. Веб-сайтты алғаш құрған сәтте отбасым қатты қуанып, бұл жоба қоғамға оң әсер етіп, пайдалы болса, соңына дейін жалғастыруымды қалады.
Алдағы уақытта жобаға қосымша бағдарлама жасау бойынша жұмыстар жүргіземіз. Сонымен қатар, аудиториямызды кеңейткіміз келеді, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім грантын иеленген жеңімпаз
Платформалар миллиондаған пайдаланушы мен кәсіпкердің жұмысын жеңілдететін цифрлық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Бұл бағытта да біздің жастардың жаңалығы көп екенін байқадық.
Хакатонда 16-35 жас аралығындағы жастар бақ сынады. Топпен қатысу мүмкіндігі де қарастырылған. Жыл сайын қатысушылар саны да өсіп жатыр. Мәселен, 2022 жылы республика күні қарсаңында өткен додаға 270 жас қатысып, 100-ге жуық жоба таныстырса, былтыр 350 жас өтінім қалдырып, 120-ға жуық жоба қорғалған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы сайыстың рөлі зор. Себебі осы жылдың өзінде хакатон 4 мәрте ұйымдастырылады. Сәйкесінше кезекті әр байқаудың өз бағыты болмақ.
Сондай-ақ, былтыр 11 қараша күні Қызылорда облысының Жастар Ресурстық орталығында Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің күніне орай «SMART CITY KYZYLORDA HACKATHON 2023» облыстық IT жобалар хакатоны өткен. Еді. Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен өткен байқаудың ұйымдастырушылары – Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің кәсіпкерлік орталығы.
IT жобалар хакатонында «Әзірлеу» (Development), «Модельдеу», «Медиа және Білім» бағыттары қамтылды. «Әзірлеу» бағыты (Development) – сайт, мобильді қосымша, бот және ойындар әзірлеу бағытындағы жобаларды қамтиды. Мұнда «Smart city Kyzylorda» концепциясы аясында тұрғындардың ақылды қалада тұруын оңтайландыратын жобалар бағаланды. Екінші бағыт – «Моделдеу». Яғни, 3D моделдеу, робототехника, жасанды интеллект, ақылды заттар және BIM технологиялар аясындағы жобалар қабылданды. Адамдардың өмірлік процесін жеңілдетуге, қолданысқа арналған жаңашыл заттар мен қызметтерге бағытталған жобалар бағаланды. Ал «Медиа және білім беру» бағытында LMS, онлайн оқыту, анимация мен кинематография тақырыптарындағы жобалар сараланды. Басты талап – білім контентін өндіру және оны цифрлы ресурстар арқылы жариялау.
IT жобалар хакатонының модераторлары Нұрлан Құлмырзаев, Жанарыс Тубекбаев қатысушыларды ережелермен таныстырғаннан кейін, бағыт бойынша топтастыру жұмысы жүрді. Назарға алатын жағдай, әр бағытқа бөлек қазылар алқасы сайланды.
Жеңімпаздарына 900 000 теңге және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3 білім бөлінген. Әр бағыт бойынша 1-орын иеленген Раушан Тұрғанбай, Жұлдызай Мұңайтбасова, Альмира Махамбетәлі, Төрехан Төлеген, Ернар Әбдіжалелұлына 150 000 теңгенің сертификаты табысталды. Сондай-ақ, 2-орын иегерлері Ерсұлтан Жанболатұлы, Инабат Аймағамбетова, Өмірзақ Әділ мен Шыңғыс Абдуллаев 100 000 теңгені құрайтын қаржылай жүлделерді иеленді. Ал әр бағыттан 50 000 теңгені Аягөз Кулахметова, Бекасыл Алдиар, Азамат Ибрагимов иеленді. Ынталандыру мақсатында 6 командаға Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторынан арнайы сыйлықтары берілді. Мектеп оқушылары Шөментай Асылтас, Талап Әли, Зарина Азенова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің арнайы білім грантын иеленді.
«Smart city Kyzylorda» концепциясы аясында өткен IT жобалар хакатонының ұйымдастырушыларының бірі – Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы. Орталық Сыр өңіріндегі IT-стартаптарды қолдау және инновациялық жобаларды дамыту мақсатында халықаралық «Astana Hub» технопаркінің қолдауымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және өңірлік IT парк базасында ашылды. Бизнес-инкубатор аймақта инновациялық жобалар әзірлеумен, IT-саладағы кадрларды оқыту, даярлау және жергілікті IT-қауымдастық құрумен айналысады.
Ә.Жанәбіл