ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ БІРҚАТАР ӨЗГЕРІСТЕРМЕН БАСТАЛАДЫ
656
Биылғы 2022-2023 оқу жылында жаңа өзгерістер көп, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Айталық, бірінші сыныпта оқу жылының ұзақтығы 35 апта болып белгіленсе, 2-11 сыныптарда 36 аптаға дейін ұзартылды. Осыған байланысты биылдан бастап жаңа оқу жылы 31 мамырға дейін жалғаспақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов хабарлады.
Оның айтуынша, 1-ші сыныптың оқу бағдарламасында «Шетел тілі» мен «Орыс тілі» пәндері оқытылмайды. Бұл ретте меншік және оқыту түріне қарамастан, үлгілік оқу жоспарын таңдауға академиялық еркіндік беріледі.
"Облыстағы 295 мемлекеттік және 16 жекеменшіктік білім беру ұйымдарында 182 мың оқушы білім алады деп күтілуде. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда бес мың балаға артып отыр. Осы ретте Арал және Жаңақорған аудандарындағы екі апатты мектептің құрылысы толық аяқталып, жаңа оқу жылына беріледі. Сондай-ақ, қалалық және ауылдық мектептердегі сынып оқушыларын екі топқа бөліп оқыту қарастырылады", - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердаулетов.
- Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында міндетті оқу қоры есебінен көмекке мұқтаж отбасы ретінде 31 322 бала есепке алынды. Осыған сәйкес, тиісті санаттан шыққан отбасы балаларына - 37 389 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілмек. Бұл бөлінген қаржы ата-ананың немесе заңды өкілдердің жеке есепшотына аударылады.
"Былтырғы жылмен салыстырғанда көмек көрсетілетін бала саны - 1451-ге көбейді. Міндетті оқу қорынан қаржы алмайтын балаларға демеушілер есебінен көмек беру ұйымдастырылуда. Бүгінде қала және аудан бойынша екі мыңға жуық балаға бюджеттен тыс қаржының есебінен 18 млн 653 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер есебінен де аталған санаттағы балаларға тегін мектеп формасы берілуде", - деді Б.Қамбозұлы.