Педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлері екі есеге ұлғайған

442
Педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлері екі есеге жуық артты. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
«Былтырдан бастап педагогикалық кадрларды дайындауды арттыру мақсатында жоғары оқу орындарына қабылдау талаптарын да күшейттік. Осы педагогикалық мамандыққа мықты түлектерді ғана қабылдау үшін Ұлттық бірыңғай тестілеудің бұған дейінгі шекті балы 50 болса, қазір оны 75 балға дейін көтердік. Ал осы мамандыққа түсуді ынталандыру үшін болашақ педагогтардың шәкіртақысы жоғарылады, қазір ол 42 мың теңге», - деді Асхат Аймағамбетов. 
Осы сәтте ол бұл қадамдар оң нәтиже беріп жатқанын тілге тиек етті. 
«Педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлері екі есеге жуық ұлғайды. Осы мамандыққа түсушілердің орташа балы 90-ға дейін жетті. Бұл мұғалім мамандығына мықты кадрлардың келуін қамтамасыз етеді. Осы реформаның оң нәтижесін көріп отырмыз және бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керек», - деді ведомство басшысы.