Ұстаздардың білімін бағалау тесті тоқтатылды
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Instagram парақшасында елімізде педагогтердің білімін бағалау емтиханының тоқтатылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі El.kz сайтына сілтеме жасап.
Мұғалімдердің білімін бағалау бұрын ұстаздардың кәсіби қабілеті мен білігін анықтау үшін жүргізілетін. Бұл шара жыл сайын кейбір мұғалімдердің наразылығын тудырып, әлеуметтік желілерде пікірталасқа ұласатын.Жаңалыққа ұстаздардың реакциясы әртүрлі болды. Бір бөлігі тестті қалдырып, портфолионы алып тастауды өтінсе, ендігілері бір жыл бойы дайындаған нәтижесін көргісі келетінін жазды.
"Мен бұл жаңалықты естігенде көңілім түсіп кетті. Соңғы сәтте бәрін тоқтатып, алып тастау - дұрыс емес. Барлық педагог жыл бойы барып салып, дайындалды. Бұл - оңай жұмыс емес: қаншама ұйқысыз түндер, жүйке талшығы, күш пен ақша кетті. Мұның бәрін не үшін жасадық? Соңғы сәтте алып тастасын деп пе? Иә, бұл жағымды жаңалық, ендігіде аттестациядан өту жеңілдейтініне қуандық. Бірақ өзгерісті әуелден енгізу керек еді. Немесе осы аттестацияны аяқтап, одан кейін өзгерістің күшіне енетін датасын белгілеу керек еді," - деп жазды Дана есімді желі қолданушысы Instagram-да.







