Астанада халықаралық француз мектебі ашылады
Парижде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапарының аясында Астанада халықаралық мектеп ашу туралы келісімшартқа қол қойылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жаңа оқу орнының құрылысына қаржыны Freedom Holding Corp береді. Ал осы холдингтің корпоративтік қоры арқылы мектеп түлектері Францияның жоғары оқу орындарына түсе алады. Тиісті келісімге Freedom Holding Corp бас атқарушы директоры Тимур Турлов және «Шетелдегі француз білімі» агенттігі директорының орынбасары Жан-Поль Нигрель қол қойған. Меценат білім ордасын қазір әлем бойынша 600-ден астам оқу орнына иелік ететін француз агенттігімен бірлесіп басқармақ. Қазақстан мен Франция президенттері алдыңғы сапарларының нәтижесі бойынша Астана мен Алматыда екі француз мектебін ашу туралы идеяны қолдап, білім саласындағы ынтымақтастыққа басымдық берген болатын.