Қызылордада тәрбиеші аутизмге шалдыққан балаға қорлық көрсеткен
Қызылордадағы жекеменшік “Жас ұрпақ” балабақшасының тәрбиешісі ерекше балаға қол көтерген, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл туралы "Информбюро" тілшілері жария етті. Тіпті аутизмге шалдыққан бүлдіршінге тамақ бермей, қорлық көрсеткен. Ал басқа ата-аналар орталыққа баратын балаларымыздың денесі көгеріп, бет-ауызы жара болып келеді деп шағымдануда. Айтуларынша, қызметкерлер науқас балаларға күш көрсетіп, дұрыс тамақтандырмайды. Қазір шу шыққан бөбекжай мамандарына қатысты полиция тергеу жүргізуде.
Бейнежазба камераларға түсіп қалған тәрбиешінің әрекетінде 5 жасар Әлихан Аманбай мазасынданып, қозғала бастаған. Бұған ашуланған қызметкер бүлдіршінді көтеріп алып жерге тастай салған. Әлиханның анасы аутизмге шалдыққан балама қатігездік танытқан тәрбиеші түк болмағандай ұйықтап қалған дейді.
Бұл жағдайдан кейін өзге де ата-аналар полицияға шағым түсірген. Айтуларынша, әртүрлі диагнозы бар басқа бүлдіршіндердің де бұған дейін балабақшадан денелері көгеріп, тіпті бірінің қолы сынып келген екен. Сондықтан ата-аналар қатал қызметкерлер ерекше балаларымызды ұрып-соғуы әбден мүмкін деп отыр.
Ата-аналар балаларға астың тым аз мөлшерде берілетінін де бейнекамераға жазылған видеодан көрген. Онда сегіз бүлдіршінге бар-жоғы үш тәрелке тамақ қойылып, ал тәрбиешілердің телефонға телміріп отырғанын көрген. Ал балабақша басшысы қызметкердің 5 жасар Әлиханға күш көрсеткенін растағанымен, ас мәзірі талапқа сай деп ақталды.
"Негізі осындай жағдай бірінші рет болып жатыр. Біз білген бойда бүкіл органдарға камераның жазбаларын ұсындық. Біздің тарапымыздан барлығы адал жасалды. Ол видеода үстелдің үстінде қасықтары да жоқ, тек үш тәрелке тұр. Демек ата-аналар патноспен тасып жатқан кезін көрген. Дәл сол сәтті толық көрсетейін десем, жарық өшіп қалды”, – дейді “Жас ұрпақ” коррекциялық орталығының меңгерушісі Раушан Пірімжанова.
Меңгеруші өзге ата-аналардың балаларымызды ұрды деген шағымын жоққа шығарады. Ал Әлиханға күш көрсеткен тәрбиеші мен оның көмекшісі жұмыстан қуылған екен. Қазір полиция “кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу міндеттерін орындамау” бабымен іс қозғаған.







