Елде балалар қауіпсіздігі күшейіп, жаңа тәрбие жүйелері енгізілуде

2 327

Балалардың дамуы үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыру жөніндегі Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет тәрбие, құқық қорғау және бос уақытты тиімді ұйымдастыруды қамтитын кешенді шараларды іске асыруда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Үкіметтің мәліметінше, жас ұрпақ бойында отаншылдық, әділеттілік және еңбекқорлық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған жаңартылған бірыңғай тәрбие бағдарламасы – «Адал азамат» осы жұмыстың идеологиялық өзегіне айналды.

Балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін кадрлық әлеует күшейтілді: қорғаншылық органдарының мамандарының саны 303-тен 896 адамға дейін артты. Бұл отбасылардың қажеттіліктеріне дер кезінде жауап беруге мүмкіндік береді.

- Білім беру мекемелерінде де физикалық қауіпсіздік шаралары нығайтылды. Бүгінде мектептердің 97 пайызы лицензияланған күзетпен келісімшартқа отырды, ал 98 пайызы турникеттермен жабдықталған, - деп жазылған ақпаратта.

Сонымен бірге қосымша білім беру саласы дамып келеді. Елімізде 2 142 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олар 3,3 млн баланы немесе балалардың 87,2 пайызын қамтиды. Бұл балалардың қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуіне мүмкіндік береді.