"Елде 7 500 мектеп болса, бұйрыққа сәйкес олар 7 500 түрлі форманы бекіте алады" - министр
342
Министр Асхат Аймағамбетов оқушылардың мектеп формасына айтарлықтай өзгеріс енгізілмейтінін мәлімдеді, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, 2016 жылы министрлік мектеп формасына қатысты бұйрық бекіткен. Бұл құжатқа сәйкес әр мектеп мектеп формасына қатысты дербес талаптарды енгізе алады.
"Мектеп формасы жайлы концепция өзгеріске ұшырап жатқан жоқ. Яғни формаға ешқандай өзгеріс енбейді. Осыны ата-аналар білуі керек. Қазір әр мектеп формаға қатысты дербес талап енгізе алады. Мысалы, елде 7 500 мектеп болса, бұйрыққа сәйкес олар 7 500 түрлі форманы бекіте алады", – деді министр “Сұхбат” бағдарламасында.
Асхат Аймағамбетов мектеп әкімшілігі форманы бекіткенде ұсақ-түйекке дейін мән беретінін қосып өтті. Сөзінше, мұндай талаптан кейін ата-аналар форманы еркін таңдай алмай қалады.
"Мысалы, кейбірі мынадай "ромба" пішіндес белгісі болу керек, түсі осындай деген секілді талап қояды. Мұндай талаптан кейін ата-аналар форманы тек бір мердігерден сатып алуы қажет болады. Базардан еркін таңдай алмайды. Бұл бала үшін де, ата-ана үшін де тиімсіз", – деп мәлімдеді Аймағамбетов.
Енді оқу-ағарту министрлігі енгізген өзгеріске сәйкес формаға қатысты облыс мектептеріне ортақ бір ғана талап болады.
"Облыс шеңберінде ортақ талап бекітілсе, бір мектептен екінші мектепке ауысқан бала қайтадан жаңа форма сатып алып жүрмейді. Өйткені облыс бойынша талап бірдей. Осылайша сыбайлас жемқорлықтың алдын аламыз. Әрі ата-аналар үшін мектеп формасы қолжетімді бола түседі", – деп түйіндеді Аймағамбетов.