Аймақ басшысы Нәлібаевтың қатысуымен Қызылжарма ауылындағы «Келешек мектебінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті

2 318

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіАймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Конституция, Білім күні мерекелері қарсаңында Қызылжарма ауылындағы «Келешек мектебінің» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, Үкімет мүшелері, барлық өңір әкімдерінің орынбасарлары, білім басқармаларының басшылары қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Облыс әкімі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтіп, құттықтауын жеткізді.

«Өздеріңіз салтанатты ашылуының куәсі болуға жиналған №295 орта мектеп өңірдегі тоғызыншы «Келешек мектебі» болмақ. Қалған бір мектеп Ұстаздар күнінде пайдалануға беріледі.

Қызылорда қаласының Әл-Фараби мөлтек ауданы мен Қызылжарма ауылындағы халық саны соңғы жылдары бірнеше есе өсіп, мектептер үш ауысымдық оқытуға көшуге жақын қалды. Енді балаларымыз қолайлы әрі қауіпсіз, соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен жарақталған, кең әрі қолайлы мектепте білім алатын болады. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен Сыр өңірінде байыпты бастамалар қолға алынып, жасампаз жобалар жүзеге асуда. Тұрақты қолдаудың арқасында өңіріміздің білім саласы толағай табысқа жетіп келеді.

Сәулеті мен келбеті келіскен жаңа мектептер бой көтерді. Соңғы үш жылда салаға 812 млрд. 245 млн. теңге, биыл 346 млрд. 800 млн. теңге қаралды. Қаржыландырудың барлық көзінен өткен жылы 31 млрд. 800 млн. теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Биыл облыстық бюджеттен 2 млрд. 400 млн. теңге бөлініп, 9 мектеп қайта жаңғыртылды. Соңғы үш жылда 5 млрд. 300 млн. теңгеге 15 мектептің ғимараты күрделі жөнделді. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 2022 жылдан бері 2 млрд. 600 млн. теңге бөлінді. Апатты жағдайдағы 7 мектептің мәселесі толық шешімін тапты. Қайтарылған активтер есебінен 8 млрд. 200 млн. теңгеге 5 мектептің құрылысы қаржыландырылады.

Жаңа мектеп әрбір оқушының жүрегіндегі мақсаты мен арманын ұштайтын орын болсын!», - деді Н. Нәлібаев.

Басқосуда білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен құрылысты сапалы әрі мерзімінде салған мердігер мекеме қызметкерлеріне Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.

Ғани Бейсембаев, Наурызбай Байқадамов құттықтауын жеткізіп, Сыр өңіріндегі бастамалар мен атқарылған істерді оң бағалады.

Айта кету керек, балалардың қосымша білім беру жүйесін дамыту мақсатында үш жылда 4 «Оқушылар үйі» мен 2 «Өнер мектебі» салынып, бүгінде зияткер жас ұрпаққа қызмет етуде.

Жақында Шиелі ауданындағы 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» іске қосылды.

Облыстық бюджеттен балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы салынып, мамыр айында пайдалануға берілді.

Өткен жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының демеушілігімен заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» ашылды.

Қазір қайта жаңғыртудан өтіп жатқан Президент саябағында жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері, Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) салынуда.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.