Мұғалімдердің еңбек жағдайы мен жалақысына қанағаттану деңгейі өсті
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова 2025 жылдың қорытындысы бойынша педагогтерге қатысты негізгі көрсеткіштердің оң бағытта өзгергенін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, соңғы жылдары мұғалімдердің апталық жұмыс жүктемесі едәуір азайған. Мәселен, 2018 жылы педагогтердің орташа еңбек уақыты аптасына 50 сағат болса, 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 34 сағатқа дейін төмендеген.
Сонымен қатар магистр дәрежесі бар мұғалімдердің үлесі артып келеді. Педагогтердің жалақысына қанағаттану деңгейі де шамамен екі есеге өскен. Қоғамда мұғалім мамандығының беделі артты деп есептейтін ұстаздардың үлесі 63 пайыздан 82 пайызға дейін көбейгенін вице-министр журналистермен кездесуде атап өтті.
Мелдебекованың айтуынша, педагогтерге саяси деңгейде көрсетілетін қолдау мен мойындау да айтарлықтай күшейген. Бұл көрсеткіш 38 пайыздан 58 пайызға дейін артқан. Ал мұғалімдердің өз кәсібіне және еңбек жағдайына жалпы қанағаттану деңгейі 91 пайыздан 95 пайызға жеткен.
Осы өзгерістердің нәтижесінде Қазақстан мұғалімдердің жалақысына қанағаттану деңгейі жоғары елдердің қатарына қосылды. Вице-министрдің дерегінше, 50 елдің ішінде бұл көрсеткіш небәрі бес мемлекетте ғана 20 пайызға өскен.







