5 жылда 16 ЖОО жабылуы сапасыз білімнің нәтижесі ме?
Бірнеше жыл бұрын жекеменшік жоғары оқу орындарындағы білім сапасына қатысты бірқатар сын айтылған болатын. Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті аталған ЖОО-ларда анықталған кемшіліктер жөнінде түсініктеме берді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ведомствоның берген жауабында Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының қызметін қысқарту туралы тапсырмасы аясында соңғы бес жылда 16 ЖОО жабылғаны айтылған. Сонымен қатар, 66 жоғары оқу орны дайындықтың бейінді емес бағыттары бойынша лицензияға қосымшаларын өз еркімен кері қайтарған.
Комитет мәліметінше, ЖОО-ны жабу туралы сот шешімдері шыққаннан кейін министрлік прокуратура, әкімдіктер және басқа да жоғары оқу орындарының ректорларымен бірлесіп жұмыс топтарын құрған. Бұл топтар білім алушылардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік шиеленістің алдын алу мақсатында студенттерді өзге ЖОО-ларға ауыстыру және профессор-оқытушылар құрамын жұмысқа орналастыру бойынша нақты шаралар қабылдаған.
Атап айтқанда, 2024 жылы министрлік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы заңнаманың сақталуына қатысты 27 мемлекеттік бақылау шарасын жүргізген. Нәтижесінде бірқатар ЖОО-ға анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар беріліп, лицензияның қолданылуы уақытша тоқтатылып, айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ кадрларды даярлаудың жекелеген бағыттары бойынша лицензияларға қосымшалар кері қайтарылған.
Ал 2025 жылы Ақтөбе қаласындағы Қазақ-орыс халықаралық университетінің қызметі толығымен тоқтатылды. Наурыз айында студенттерді жаппай оқудан шығару фактілері туралы ақпарат БАҚ-та жарияланғаннан кейін министрлік жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру барысында біліктілік талаптарының, ЖОО қызметінің үлгілік қағидаларының, қабылдау ережелерінің және мемлекеттік білім беру стандарттарының сақталмауын қоса алғанда, 22 өрескел заң бұзушылық анықталған.
2024 жылғы 25 сәуірде министрлік аталған университетке айыппұл салу және бас лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде ЖОО Лицензиялардың мемлекеттік тізілімінен толықтай алынып тасталды. 2025 жылғы түлектер оқуын аяқтап, осы университеттің дипломын алды, ал қалған студенттер Батыс өңіріндегі аккредиттелген жоғары оқу орындарына ауыстырылды.
Ведомство мәліметінше, сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарына қатысты лицензиядан айыруға дейінгі шараларды қабылдау жұмысы тұрақты әрі жүйелі түрде жалғаса береді.







