Астанада мектеп оқушыларына арналған «Болашақ прокурорлар клубы» ашылды
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында елорданың Сарайшық ауданына қарасты 17 мектебінде Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар клубы» ашылды. Оның ашылу салтанаты № 73 физика-техникалық лицейінде өтті, - деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева, Сарайшық ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Асқаров, мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов және мектеп директорлары, сала мамандары қатысқан.
«Болашақ прокурорлар клубына мүше» оқушылар салтанатты түрде ұлықталды.
Мамандардың сөзінше, «Болашақ прокурорлар клубының» жұмысы тек мектеппен шектелмейді, бұл — бүгінгі оқушы мен ертеңгі заңгер арасындағы алтын көпір. Іс-шара барысында №73 мектеп-лицейі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында ынтымақтастық меморандумы жасалды.







