Ұстаз мәртебесі – білім реформасының басты көрсеткіші

2 506

Фото: Оқу- ағарту министрлігінің баспасөз қызметіҚазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

 Министр өңірлерден келген ұстаздардың, сала ардагерлері мен IT саласы мамандарының ұсыныстарын тыңдаған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлаған. 

Министр қабылдауындағы ең маңызды тақырып жергілікті жерлердегі басқару этикасы мен педагогтердің еңбек құқығының сақталуы болған. Кейбір өңірлердегі мектеп басшылары тарапынан болған әкімшілік озбырлық пен заңсыз жұмыстан шеттету деректеріне қатысты Министр қатаң ұстаным білдірген.

Ұстаздың қадірі қашқан жерде – ұлттың болашағы бұлыңғыр. Біз мектеп директорларын тек менеджер емес, ұжымның рухани темірқазығы ретінде көреміз. Педагогтің құқығын аяққа таптайтын кез келген бюрократиялық кедергі мен жергілікті жердегі қысымға негізделген басқару әдістеріне министрлік тарапынан тосқауыл қойылады. Әрбір заңсыз шеттетілген маман бойынша тексеру жүргізіліп, әділеттілік қалпына келтіріледі. Біз үшін әр мұғалімнің тағдыры – мемлекеттік маңызы бар мәселе, - деп мәлімдеді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар қоғамдық келісім мен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында инклюзивті коммуникацияны дамыту бағытында ұсыныс айта келген ұстаздар да болды. Олар мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін педагогтерге арналған арнайы курстарды енгізуді, ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтердің біліктілігін арттыру бағдарламасын енгізуді сұраған.

Жұлдыз Досбергенқызы ерекше бала тәрбиелеп отырған азаматтарға жуырда таныстырылған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының мәнін түсіндірді. Ведомствоаралық құжат аясында елімізде инклюзия бағытында осы сала мамандарының біліктілігін арттыру көзделіп отырғанын айтты. Бұл жолы қабылдауда болған белсенді азаматтарды министрлік жанындағы Қоғамдық кеңес құрамына тарту туралы шешім қабылданған.

Оқулықтар мен әдістемелік құралдардың сапасына қатысты сын айтып, өз оқулықтарын, көмекші құралдарын республика аумағында таратуды сұрай келген педагогтер де болған.

Кездесуде жауапты құрылым басшыларына нақты тапсырмалар берілген.