Мұғалімдерге арналған жаңа форматтағы хакатон өтті

2 514

Фото: ©БҚО әкімдігіАлғаш рет Орал қаласында педагогтарға арналған кең ауқымды хакатон өткізілді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.kazlenta.kz сайтына сілтеме жасап.

«Тиімді басқару және жас маман: тәжірибе мен идеялар үндестігі» тақырыбында өткен ауқымды педагогикалық хакатон білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, жаңа шешімдер ұсынуға бағытталған. Шараға мектеп және колледж директорларынан құралған 29 команда қатысып, олардың арасынан үздік 10 команда финалдық кезеңге жолдама алған.

Хакатонның негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарын басқарудағы тиімді тәжірибелерді кеңінен тарату, жас педагогтер мен тәжірибелі басшылар арасында кәсіби диалог қалыптастыру, сондай-ақ инновациялық идеяларды қолдау. Бұл алаң қатысушыларға өзара тәжірибе алмасып, жаңа тәсілдерді талқылауға мүмкіндік берген.

Форум жұмысына білім беру бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары және жас мамандар белсенді түрде қатысты. Қатысушылар командалық форматта жұмыс істеп, өз жобаларын бірнеше маңызды бағыт бойынша қорғады. Атап айтқанда:

- цифрлық оқыту сапасын арттыру

- білім беру ұйымдарындағы психологиялық қауіпсіз ортаны қалыптастыру

- STEM бағытын дамыту және тәжірибелік дағдыларды жетілдіру

- тиімді басқару мен көшбасшылық модельдері

- оқушыларға кәсіби бағдар беру жүйесін жетілдіруФото: ©БҚО әкімдігі

Қазылар алқасы ұсынылған жобалардың мазмұнына, жаңашылдығына және практикалық маңыздылығына ерекше назар аударды. Финалға шыққан командалар өз бастамаларын жан-жақты қорғап, білім беру жүйесіне енгізуге болатын нақты ұсыныстар ұсынды.

Бұл хакатон – білім саласындағы жаңа бастамалар мен креативті идеялардың тоғысқан алаңы ғана емес, сонымен қатар тәжірибе мен жаңашылдықты ұштастыратын тиімді платформаға айналды. Ұйымдастырушылар мұндай форматтағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.