150-ден астам қазақстандық топ-менеджер ЖИ білімін меңгереді
Қазақстанда цифрлық даму министрлігі Stanford University Human-Centered Artificial Intelligence, OpenAI Academy және Silkroad Innovation Hub серіктестігімен «AI Leaders 2026» білім беру бағдарламасын іске қосады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Бағдарлама академиялық білім мен практикалық дағдыларды ұштастырып, Орталық Еуразия өңірінде ЖИ көшбасшыларын даярлауға бағытталған. Жобаға Назарбаев Университеті жанындағы Интеллектуалды жүйелер және жасанды интеллект институты, сондай-ақ Lovable және CAYU платформалары серіктес ретінде қатысуда. Бағдарламаның академиялық жетекшісі - Питер Норвиг. Оның жетекшілігімен оқу мазмұны өңір ерекшеліктеріне бейімделген. Бағдарлама қазақ, өзбек және орыс тілдерінде қолжетімді. Қатысушылар командалық форматта оқып, өз ұйымдары үшін нақты ЖИ стратегияларын әзірлейді.
Жобаға 150-ге жуық ірі ұйым қатысуда, олардың қатарында Самұрық-Қазына, Бәйтерек, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі, сондай-ақ Halyk Bank, Kaspi.kz және басқа да жетекші компаниялар бар. Оқыту үш кезеңнен тұрады: алдымен қатысушылар ЖИ негіздерін меңгереді, кейін OpenAI Academy арқылы құралдармен жұмыс істейді, ал соңғы кезеңде CAYU және Lovable көмегімен нақты ЖИ шешімдерін әзірлейді. Бағдарлама өңірлік ынтымақтастықты кеңейтіп, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия және Қатар елдерінің өкілдерін біріктіріп отыр. Жоба түлектері Stanford University Human-Centered Artificial Intelligence сертификатын алып, аймақтағы ірі ЖИ қауымдастығына қосылады. Бұл бастама елдегі цифрлық трансформацияны жеделдетіп, жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына жүйелі енгізуге негіз болады.







