Елордалық оқушы оқу үдерісін жетілдіретін жоба ойлап тапты
Астана қаласындағы Шейх Халифа бен Зайд әл-Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейінің 9 «А» сынып оқушысы Алдияр Бекжан «Цифрлы мектеп» жобасын іске асырды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл жоба білім беру үдерісін заманауи талаптарға сай жетілдіріп, оқыту сапасын арттыруға бағытталған. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады. «Цифрлы мектеп» - ақпараттық технологиялар мен білім беру мазмұнын біріктіретін кешенді жүйе. Жоба аясында дәстүрлі оқыту тәсілдері цифрлық платформалармен толықтырылып, интерактивті контент кеңінен енгізілуде. Соның нәтижесінде қағазбастылық азайып, оқу үдерісін нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндігі артады.
Мектеп директоры Самал Ботаханқызының айтуынша, бұл бастама білім ордасында инновациялық ойлауды дамытуға және заманауи технологияларды тиімді қолдануға жол ашады. Оның сөзінше, жоба оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, мұғалімдердің жұмысын жүйелеуге ықпал етеді.
Жүйенің басты ерекшеліктерінің бірі – интерактивті оқулықтар мен оқытуды басқару платформасының (LMS) енгізілуі. Бұл мұғалімдерге оқу материалдарын тиімді жоспарлауға, тапсырмаларды онлайн форматта қабылдап, жедел бағалауға мүмкіндік береді. Оқушылар 3D модельдер, бейнесабақтар және анимациялық тапсырмалар арқылы білімін тереңдетеді. Сонымен қатар робототехника, жасанды интеллект элементтері және виртуалды зертханалар күрделі пәндерді тәжірибелік тұрғыда меңгеруге жағдай жасайды. Жоба аясында Big Data талдау технологиялары да кеңінен қолданылады. Бұл жүйе әр оқушының үлгерімін саралап, оның жеке қабілеті мен білім деңгейіне сәйкес жеке оқу траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде білім алушылардың жеке дамуына жағдай жасалып, цифрлық сауаттылығы артады.







