Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары мен оқушылар қауіпсіздігі бірлескен отырыста талқыланды
Бүгін партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмахановтың қатысуымен «Білім және Денсаулық сақтау мәселелері» жөніндегі аймақтық кеңесі мен Партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Онда жаңа оқу жылына дайындық, білім беру сапасын жақсарту шаралары, балалардың жазғы демалысын, бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру мен сауықтыру мәселелері бойынша атқарылған жұмыстар, сонымен қатар облыс орталығындағы №3 ІТ мектеп–лицейінің оқушылар қауіпсіздігі бойынша атқарылған жұмыстары талқыланды.
Санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталады. Жаңа оқу жылына мектептердің дайындығы өзекті мәселе. Жиында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар бойынша облыстық білім басқармасының бөлім басшылары Нұрлан Дәулетәлиев пен Парасат Жаңабергеновтер хабарлама жасады.
Жалпы өңірдегі 330 мектепте 181 804 бала білім алуда. Ағымдағы оқу жылы 1 сыныпқа 17 450 бала барады деп жоспарлануда. 1 – сыныпқа қабылданатын балалардан бүгінгі күні 15 848 өтініш қабылданған.
Өткен жылы облыс орталығындағы 4 мектептің орын тапшылығы мәселесі қосымша ғимарат салу арқылы шешімін тапты. Сонымен қатар, 1 170 орынды құрайтын 4 мектеп, ағымдағы жылы жыл басында 550 орындық 2 мектеп ел игілігіне берілді.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қоры есебінен дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика бағытындағы мектеп-интернат, Шиелі ауданында 100 орындық мектеп пен 2 мектепке 750 орындық қосымша құрылыс жүргізілуде.
Жергілікті бюджеттен Жаңақорған ауданы 150 орындық, Қызылорда қаласы мен Қармақшы, Жаңақорған аудандарында қосымша спорт зал және асхана ғимарат құрылыстары салынуда. Демеушілік есебінен Арал ауданындағы Тоқабай және Ақшатау ауылдарындағы мектептер құрылысы жүргізілуде. 285 мектепке ағымдағы жөндеу, 8 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Балаларды қосымша біліммен қамту үлесін арттыру мақсатында өңірде мұнай компанияларының демеушілігімен 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы, музыкалық колледж ғимаратының іргетасы қаланды. Жергілікті бюджеттен Жаңақорған ауданында 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебі салынуда.
Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында биыл облыс орталығынан «Шығармашылық академиясының» құрылысы басталған.
Оқушыларды оқулықтармен қамту үшін 1,8 млрд.тг. қаржы да қаралған.
Партия филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов жаңа оқу жылына дайындық мәселесі өте өзекті екенін тілге тиек етіп, балалар қауіпсізді үшін тапсырыс беруші ретінде жаңа білім ошақтарының құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды атап өтті. Сонымен қатар, жаңа оқу жылы алдында әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен қиын жағдайға тап болған отбасы балаларын қолдау үшін «AMANAT» партиясының «Баланы мектепке даярлайық» акциясы бастау алғандығын айтып, қатысушыларды аймақта акцияны ерікті түрде қолдауға шақырды.
Партияның облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы №3 ІТ мектеп – лицейіннің қосымша оқу ғимаратына кіріп шығуы Жанқожа батыр көшесі №5 Д жағындағы мектепке келуші азаматтар мен мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне алаңдатушылық туғызып отырған электр сымы орнатылған бағананы алшақтау жерге жылжытуға, электр сымдарын қалпына келтіруге, сонымен қатар балалардың қауіпсіздігі үшін жасанды кедергі с қондырғысын орнату бойынша берілген ұсыныстар төңірегінде жауапты мамандардың есебін тыңдады.
Жиынды қорытындылаған «Білім және денсаулық сақтау мәселелері» жөніндегі аймақтық кеңес төрағасының орынбасары Гүлнар Есқалиева мектептердің жай-күйі, сыныптардың дайындығы, кітаптардың жетіспеушілігі, ыстық тамақты ұйымдастыру, мектеп оқушыларының қауіпсіздігі және балалардың сапалы әрі жайлы білім алуы бәрімізге ортақ жұмыс болғандықтан жауапкершілікпен қарау ортақ парызымыз екенін айтты.