"Болашақ" бағдарламасы бойынша шәкіртақы 10-15% өсіру жоспарланып отыр
Қазақстан "Болашақ" халықаралық бағдарламасы бойынша шәкіртақыларды 10-15% арттыруды қарастырып жатыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Халықаралық бағдарламалар орталығы төрағасының орынбасары Абай Рахмет үкіметтік брифинг барысында «Болашақ» бағдарламасы аясындағы шәкіртақы мөлшерінің бірнеше жыл бойы өзгеріссіз қалғанын мәлімдеген.
“Шәкіртақы 15 жылдан астам уақыт бойы өсірілген жоқ. Бірақ инфляция бүкіл әлемде өсіп келеді және біз стипендиаттарымыздың кейде тіпті отбасыларымен кетіп жатқанын көріп отырмыз. Ал кейбір елдерде шәкіртақы жетпейді”,- деді Абай Рахмет.
Қазіргі уақытта шәкіртақы көлемін ұлғайту мәселесі жан-жақты қарастырылып жатыр. Соған байланысты тиісті ұсыныстар әзірленіп, келесі жылы нақты шешім қабылданады деп күтілуде.
"Шәкіртақы мөлшері ел мен қалаға байланысты өзгереді. Мысалы, Нью-Йоркте ол жоғары – шамамен 2200 доллар. Басқа штаттарда төмен. Бір нұсқа – шәкіртақыға орын санын азайту және үнемделген қаражатты оқып жатқан студенттердің шәкіртақысын көбейтуге пайдалану", – деп түсіндірді Абай Рахмет.
Алдын ала есептеулер бойынша шәкіртақы орта есеппен 10–15 пайызға артуы мүмкін. Сонымен қатар, өмір сүру құны жоғары кейбір елдер мен ірі қалаларда бұл өсім одан да жоғары деңгейде белгіленуі ықтимал.







