Қазақстан студенттері 440-тан астам ЖИ-жоба әзірледі

2 507

Фото: Gov.kzAI-Sana бағдарламасы аясында Қазақстан сутденттері 440-тан астам ЖИ-жоба дайындаған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Бағдарламаның екінші кезеңінде еліміздің 105 жоғары оқу орнынан 87 мыңнан астам студент пен 1 500-ден астам куратор білім алып жатыр.

Осы уақыт ішінде бағдарлама қатысушылары ұлттық компаниялар мен экономиканың басым салаларындағы қолданбалы міндеттерді шешуге бағытталған 442 жасанды интеллект шешімін әзірледі. Бұл жобалар білім беру мен ғылымнан бастап денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржы және өнеркәсіпке дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтиды. Жобалардың ең көп саны білім беру саласында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта оқыту сапасын арттыруға, білім беру үдерісін жекелендіруге және әкімшілік рәсімдерді автоматтандыруға бағытталған 188 шешім әзірленген. Бұл көрсеткіш жоғары оқу орындарының тек маман даярлайтын орталық қана емес, сонымен қатар өз технологиялық өнімдерін жасайтын алаңға айналып келе жатқанын көрсетеді, - деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі. 

Ең табысты жобалардың қатарында бүгінде тәжірибеде қолданылып отырғандары да бар.

Соның бірі – Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген AI-Talapker жобасы. Бұл – ҰБТ және жоғары оқу орындарына түсу мәселелері бойынша кеңес беретін AI-чат-боты. Бүгінгі таңда жүйе 69 мыңнан астам пайдаланушының өтінішін өңдеп, мамандарға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтып, талапкерлер үшін ақпараттың қолжетімділігін арттырды. Тағы бір мысал – Satbayev University әзірлеген AI-прокторинг жүйесі. Ол онлайн тестілеу кезінде ашықтық пен академиялық адалдықты қамтамасыз етеді. Бұл әзірлеме Қазақстаннан тыс жерлерде де қолданылып, шетелдік ұйымдардың қызметіне енгізілген. Жалпы пайдаланушылар саны 180 мың адамнан асты. AlmaU университетінде OquLabs платформасы іске қосылды. Ол тапсырмаларды тексеруді автоматтандыруға, білім алушылардың үлгерімін бақылауға және оқу үдерісінің нәтижелерін талдауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл шешім орта білім беру ұйымдарының бірқатарында енгізілген, - делінген министрлік хабарламасында. 

Университеттік AI-жобаларды дамытудың келесі кезеңі – әртүрлі интеллектуалды жүйелер өзара әрекеттесіп, оқу орнының жекелеген үдерістерін автоматтандыратын мультиагенттік платформаларды құру.

Бүгінде Қарағанды индустриялық университетінде студенттер мен талапкерлерді сүйемелдеуге, сондай-ақ академиялық және әкімшілік үдерістерді қолдауға арналған AI-агенттерді біріктіретін Smart Bots платформасы жүзеге асырылып жатыр. Қостанай өңірлік университетінде интеллектуалды талдау, контент генерациясы және дербестендірілген оқыту құралдарын қамтитын AI-Mektep платформасы дамып келеді. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттерді тану, цифрлық құжат айналымы және интеллектуалды көмекші сервистерін біріктіретін Auezov AI First платформасы енгізілмек, - дейді ведомство өкілдері.

Жасанды интеллектіні ғылыми қызметте қолдану да жеке бағыт ретінде қарқынды дамып келеді. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға берілетін өтінімдерді формалды критерийлер бойынша автоматты түрде тексеретін жүйе әзірленуде. Бұл шешім құжаттарды өңдеу үдерісін едәуір жеделдетіп, ғылыми әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Ұлттық ғылыми кеңес мүшелеріне арналған AI-көмекші жасалуда. Ол жобалар, ғалымдар және ғылыми жарияланымдар туралы деректерді талдап, сараптамалық шешімдер қабылдауды қолдайтын болады.

Аталған әзірлемелердің басым бөлігінің AI-Sana бағдарламасы аясында тікелей студенттердің қатысуымен жасалып жатқанын ерекше атап өткен жөн. Осылайша, жоба қатысушылары жасанды интеллектінің заманауи технологияларын меңгеріп қана қоймай, экономика, білім беру және ғылым салаларындағы нақты міндеттерді шешудің практикалық тәжірибесін де игереді.