ТҮРКІСТАНДЫҚ МҰҒАЛІМДЕР ПРЕЗИДЕНТТЕН КӨМЕК СҰРАДЫ

2 524

Фото; Opennews.kz

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы №67 Төлеген Тәжібаев атындағы жалпы білім беретін мектептің мұғалімдері мен қызметкерлері мектептегі еңбек тәртібі, қаржы жинау және қызметкерлердің құқықтарының сақталуына байланысты жоғары мемлекеттік органдарға үндеу жолдады. Ұжымдық үндеу Амангельды Батырбековтің Facebook-тегі жеке парақшасында жарияланды, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі. 

Мектеп ұжымы өз үндеуінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Оқу-ағарту министрінен мектепте қалыптасқан жағдайға объективті баға беріп, тәуелсіз тексеріс жүргізуге ықпал етуді сұрайды.

Ұжымдық үндеуде мектеп директоры Жайна Абылаеваға қатысты бірқатар мәселе көтерілген. Мұғалімдердің айтуынша, мектепте қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, мұғалімдер мен ата-аналардан түрлі мақсаттарға ақша жинау, мектептің ішкі қажеттіліктеріне қаражат жинауды жүйелі түрде ұйымдастыру сияқты жағдайлар орын алған. Сонымен қатар үндеуде қызметкерлерге психологиялық қысым көрсетілгені, құжаттарды рәсімдеу барысында бұрмалау белгілері болғаны және жекелеген қызметкерлерге қысым сипатындағы әрекеттер жасалғаны туралы мәліметтер келтірілген.

 Мұғалімдер бұл мәселелерді жай ғана ауызша шағым ретінде көтеріп отырған жоқ. Үндеуде олардың қолында банк аударымдары, WhatsApp хабарламаларының скриншоттары, құжаттардың көшірмелері және өзге де материалдар бар екені көрсетілген. Ұжым аталған дәлелдерді тиісті органдарға ұсынуға дайын екенін мәлімдеген. Алайда мұғалімдер қандай да бір тұлғаны алдын ала кінәлі деп тануды мақсат етпейтінін атап өткен. Олардың негізгі талабы – көрсетілген фактілердің тәуелсіз түрде тексеріліп, әрбір дерекке заң тұрғысынан баға берілуі.

Осыған байланысты ұжым бірнеше нақты мәселені тексеруді сұрап отыр. Атап айтқанда, мектептегі ақша жинау жағдайларының заңдылығы, бюджет қаражатының пайдаланылуы және мектептің қаржылық-шаруашылық қызметі тексерілуі тиіс дейді. Сонымен бірге құжаттардың рәсімделуі, бұйрықтар мен қызметтік шешімдердің заңдылығы қаралуы қажет деп нақты айтқан. Бұдан бөлек, мұғалімдерге көрсетілген қысым және еңбек құқықтарының бұзылуы туралы мәліметтерге құқықтық баға беруді сұрайды. Егер тексеру барысында құқық бұзушылық белгілері анықталса, материалдарды құзыретті құқық қорғау органдарына жолдау қажеттігін алға тартады.

Ұжым үшін мәселенің тағы бір маңызды тұсы тексеру нәтижесінің ашық болуы. Мұғалімдер жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша заңда белгіленген тәртіппен өздеріне жазбаша жауап берілуін талап етеді. Үндеуде мектеп ұжымы өздерінің басты мақсаты жеке тұлғаны айыптау емес екенін тағы да атап көрсеткен. Олар мектепте әділдік, ашықтық, заңдылық және мұғалімнің қадір-қасиеті қорғалатын қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруды көздейтінін жеткізген.

Мұғалімдердің пікірінше, педагог өз құқығын қорғаумен емес, ең алдымен шәкіртінің білім алуына және болашағына көңіл бөлуі керек. Сондықтан №67 мектеп ұжымының бұл үндеуіндегі негізгі мәселесі айтылған деректердің қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін анықтап, оған тәуелсіз әрі заң аясында баға беру.

Ендігі жерде ұжым көтерген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдардың нақты шешімі мен ресми жауабы маңызды. Себебі кез келген даулы жағдайдың ақ-қарасын әлеуметтік желідегі пікір емес, жан-жақты жүргізілген тексеріс пен заңды шешім анықтауы тиіс.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.